Жаңалықтар

Рухани құндылық – тәрбие тетігі

Ұлы ойшыл, ғалым әрі ақын Жүсіп Баласағұн өзінің әлемге мәшһүр мұрасы – «Құтты білік» энциклопедиялық дастанында «балаға тәрбиені отбасында бер», «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет еткен. Ғұлама бұл еңбегінде баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтасқан парасатты ұрпақ өсіруге болатынын атап көрсеткен. Иә, баланың түп қазығы, алтын ұясы – отбасы. Ал, шаңырақ иесі – әкенің ұл баланың тәрбиесінде рөлі айрықша. Өйткені, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алып өседі. Сондай-ақ, қыз балаға тәрбиенің нәрі, негізгі өзегі анасы арқылы беріледі.

Бүгінде осынау үрдістің арқауын үзбей, тәрбиелік мазмұндағы келелі жиындар жиі ұйымдастырылуда. Соның бірі – аудандық мәдениет үйінде өткен «Отбасы берекесі» атты әйелдер форумы. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен өткен осынау жиынға қоғам қайраткерлері Оразкүл Асанғазықызы, Дәмеш Шайхықызы, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов және аудандық ардагерлер кеңесі мен ардагерлер кеңесі жанындағы аналар алқасының мүшелері, жалпы білім беру мекемелерінің директорлары мен мектеп психологтары, мейірбикелері, сондай-ақ ата-аналар комитетінің төрайымдары қатысты.

Жиында ең әуелі сөз тізгінін ұстаған қазақтың қайсар қызы, жерлесіміз Оразкүл Асанғазықызы ене мен келіннің, ана мен баланың, ер мен әйелдің арасындағы байланыстың тиімді жолдары мен отбасы құндылықтарын сақтаудың алғышарттарын кеңінен түсіндірді. Ол өз сөзінде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы әрбір баланы тәрбиелеуде негізгі құрал болуы керектігін баса айтты.

– Отбасылық бақыт – ең бірінші ерлі-зайыптының түсіністігі деген сөз. Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Әйелің жақсы болса, үйіңде күнде жұмақ. Әйелің жаман болса, үйіңде күнде тозақ» деген. Отбасына еге болар отағасы шаңырағын шайқалтпай, қамқор, қорған бола алса ғана бақыт тұрақтайды. Ал, бала тәрбиесінде Баукеңнің «Ұшқан ұя» туындысы темірқазық болуы керек. Батыр бабамыздың: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», – деуі тектен тек емес. Шын мәнінде, бабамыздың осынау сөзін ұранымыз етсек, ұтарымыз көп. Ұл-қызымызды халық ауыз әдебиетімен сусындату, оларға ертегі мен жыр-дастандарды жаттату – баршамыздың міндетіміз. Бұл істе ата-аналарға және ұстаздар қауымына да артылар сенім жүгі ауыр, – деді Оразкүл Асанғазы.

Ал, қоғам қайраткері Дәмеш Шайхықызы бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп ұжымы тонның ішкі бауындай қатар еңбек етуі қажеттігін баса айтты. Оның айтуынша, кез келген мектеп директорының күн сайын таңертең ерте келіп, әр келген баланы жылы шыраймен қарсы алуы, басынан сипап, арқасынан қағуы өте маңызды. Бұдан бөлек, мектеп қабырғаларында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын тиімді үйлестіріп, сол арқылы әр баланың бойында ар-ұят құндылықтарын қалыптастыруды жолға қою қажет. Сонымен қатар, білім ошақтарындағы олқылықтардың орнын толтыру, түрлі кикілжіңдердің алдын алу – кезек күттірмейтін шаруа.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат еткен форум соңында жиналған қауым спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Ал, басқосуға құр қол келмеген Оразкүл Асанғазықызы толымды пікір, ұтымды сауал қойған жандарға кітап сыйға тартты. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы қос қоғам қайраткеріне шынайы алғысын білдіріп, жерлестеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Ал, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов мұндай жиындардың өскелең ұрпақтың теріс жолға түспеуіне өз септігін тигізетінін жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Шу ауданы