Шылаушын өсіретін шаруа
Қазір тірлік бастаймын деген адамға кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік мол. Мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау бар, бастысы ниет болса болғаны. Қызыләуіт ауылының тұрғыны Серік Алпысбаевты тәуекелге бастаған – кәсіпке деген қызығушылық. Оның негізгі мамандығы – мұғалім. Талай жыл Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде шәкірт тәрбиелеген оның ауылға қоныс аударғанына да біраз жылдың шамасы болды. Қол қусырып бос жатқанды құп көрмейтін Серік Сейітжанұлы қазір Қызыләуіт ауылында калифорниялық шылаушынды өсірумен айналысуда.
– Шылаушынның бұл түрі топырақтың құнарын арттырады.
Бақша баптайтын шаруалардың көбі біле бермейді. Әсіресе, аудан көлемінде сұраныс кем. Мұндай кәсіп қазір Түркістан облысында қызып тұр. Бақша өсірсең, тіпті шелекке үйге гүл отырғызсаң нәтижесін ұзаққа бармай-ақ көресіз, – дейді кәсіпкер.
Жалпы, Серік кәсіп бастау үшін үй іргесіндегі жерді игілікке айналдыруда. Оның көлемі 20 шаршы метр. Калифорниялық қызыл құртты өсіру үшін қорадағы түліктердің қиын пайдаланады. Болашақтағы жоспары жер көлемін үлкейтіп, кәсіпті кеңейту. «Тыңайтылған топырақтың жарнамасын әлеуметтік желі арқылы өзім таратып отырмын. Тапсырыс берушілер де жоқ емес. Қазір литрін 60 теңгеден өткеріп жатырмын. Көтерме саудаға сұраныс берушілер болса, бағасын келісеміз», – дейді ол.
Жалпы калифорниялық шылаушынды өсіретіндер ауданда некен-саяқ. Кәсіп бастамас бұрын шаруа тірліктің дәл осы түрімен айналысып жатқандардан кеңе с алған көрінеді. Бизнес жоспар әзірлеп, мемлекет тарапынан берілетін грантты да жеңіп алған. Бұл соңғы бір жылда жеткен еңбек. Ниетіне бұйырған несібесі.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.
Талас ауданы