Әлеумет

Әлеуметтік көмек алушылардың саны азайған

Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру облыста үш бағытта жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жүргізілетін бұл жұмыс халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету негізінде атқарылып отыр.

Жұмыспен қамту шаралары Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқанов биыл Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 67373 жұмыс орындарын құру жоспарланғанын айтты.

– Жыл басынан бері 24940 жұмыс орны құрылып, жоспар 37 пайызға орындалды. Өңірлік карта бойынша тұрақты жұмыспен 31746 адам қамтылады. Субсидияланатын жұмыс орындарына 15197 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар 78,2 пайызға орындалды. Нәтижесінде 11889 адам жұмысқа орналасқан. Яғни, олар қоғамдық жұмыс, жастар тәжірибесі жобасы, әлеуметтік жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны, күміс жас, ұрпақтар келісім-шарты жобаларымен қамтылып отыр. Қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 1291 адамды оқыту жоспарланды. Онлайн оқыту курстарына 2610 жұмыссыз азамат оқытылды, оның 2421-і сертификат алды, – дейді Бекболат Қабылханұлы.

Ал, атаулы әлеуметтік көмекпен биыл 55423 адамды қамту жоспарланып, 4,8 миллиард теңге қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмек 27661 адамға тағайындалып, оған 1349,4 миллион теңге көзделіп отыр.

Аталған басқарманың мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбековтың айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көмек алушылар саны 8227 адамға азайған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюына, олардың жұмыспен қамту шараларына тартылуы оң әсерін тигізіп отыр.

– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған азаматтардың ішінде еңбекке қабілеттісі 6305 адам. Оның ішінде 256-сы ресми жұмыссыздар, 3579-ы жүгіну кезінде жұмысы барлар, 2470-і бала және 1,2 топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, қарттардың күтімінде отырғандар. Жыл басынан олардың арасынан жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1054 адам тартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын кепілдендірілген әлеуметтік топтама қазір ақшалай берілуде. Мөлшері 1 балаға 5538 теңге. Бұл мақсатқа 980,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, 15786 баланы қамту жоспарланған, – дейді Нұрбек Ратбекұлы.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА