Жаңалықтар

Бірлік, жасампаздық және өрлеу

Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Осы ретте Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Оған облыс әкімі, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ербол Қарашөкеев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыс және қала басшылығы, облыстық әкімдіктің басқарма басшылары, аймақтық мәслихат, Қоғамдық кеңес, құқық қорғау органдары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестері, этномәдени бірлестіктер мен облыстық ассамблея құрылымдары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дін қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Сессияны облыстық Қазақстан халық ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров ашып, жиынның күн тәртібімен таныстырды. Сессия отырысы Мемлекеттік Әнұранмен ашылды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 25 сәуірде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтатын негізгі идеологиялық тұжырымдарды атап айтты. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ, Заң және Тәртіп. Бұдан соң, Еңбекқорлық пен Кәсібилік және Жасампаздық пен Жаңашылдық. Алдағы жылы құрылғанына 30 жыл толатын Ассамблея жемісті жұмыс істеуде. Облыстық Ассамблея алдында сан қырлы міндеттер тұр. Қоғамдағы этносаралық татулықты, өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыру, ұлтына, дініне қарай ерекшеленуге, оқшаулануға жол бермеу, игі істерге атсалысу және тағы басқа міндеттерді атқарып келеді. Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігін нығайтуға қызмет ететін бірегей институт ретінде елімізде мекен ететін барша этносты бір арнаға ұйыстырып отыр. Ассамблея жүргізіп отырған мемлекеттік этносаясаттың нәтижесінде қоғамда тұрақтылық пен этносаралық татулық берік орныққан, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан халық Ассамблеясының өңірлерді су басу кезінде де танытқан бірлігі мен ұйымшылдығын ерекше атап өтті. «Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы өз сөзінде еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданып отырғанын атап өтті. Осындай күрделі кезеңде Ассамблея халықты жұмылдыра біліп, апат аймақтарына қажетті көмектер көрсетуге атсалысты.

Бұл жағдай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлігімізді бекемдеп, ішкі татулықтың өз тұғырында екендігін тағы да бір дәлелдеді», – деді Ербол Қарашөкеев. Сонымен бірге аймақ басшысы соңғы бір жылда Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарлары қызметін жемісті атқарған Асқарбек Сейілхан мен Гулам Умаровтың облыста татулық пен келісімді сақтауға және дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіре келіп, «Ассамблея кеңесінің шешімімен Асқарбек Ақылшаұлы мен Гулам Мухтарович облыстық Ассамблея Төрағасының қоғамдық орынбасарлары болып бір жылға қайта тағайындалды. Сіздерді Ассамблея қызметіне тың серпін беріп, одан әрі жандандырады деген сенімдемін», – деді Ербол Қарашөкеев сөзінің қорытындысында.

Бұдан кейін Қазақст ан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, «Қарашай- балқарлардың – «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің «Архыз филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Таня Апаева және Т.Рысқұлов аудандық орыс этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Левицкая баяндама жасады. Әрбір баяндамашы елдегі бірлік пен ынтымақты, татулық пен достықты өз баяндамаларына арқау еткен. Президентіміз алдымызға қойған Ассамблеяның алдағы мақсаттары мен міндеттерін бірге жүзеге асыру керектігін сөз етті. Ал, Т.Рысқұлов ауданынан келген Любовь Левицкая мемлекеттік тілді үйрену әрбір өзге ұлт өкілінің парызы екенін айтып, замандастарын қазақ тілін үйренуге шақырды.

Бұдан кейін сессия шешімінің жобасы таныстырылды. Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі қоғамдық келісімнің нығаюына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Ал, этнос жастарынан құрылған «Достық» театры Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» шығармасынан үзінді қойды. Басқосу соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ