Момышұлының маузері
Ұлы тұлғалардың әрбір басқан ізі бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі іс. Олардың жүрген жолы мен ерлігін өскелең жастар мәңгі үлгі тұтады. Атағы барша әлемге әйгілі, қазақтың біртуар батыры, халқына аса қадірлі, аңыз адам Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысындағы ерлікке тән әрбір әрекеті тарихта қалды.
Аңыз тұлға 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен майор Иван Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамына кіреді. Батыр жауға қарсы шайқастарда өз батальонын 27 рет шабуылға бастайды. Сол шабуылдарда 5 рет жау қоршауын бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен дивизиясына аман-есен қосылады. Бауыржан Момышұлының тактик және стратег қасиеттерінің арқасында «ошақты», «икемді қорғаныс» деген жаңа ұғымдар қалыптасты.
Батырдың бастапқыдағы бұл ерліктерінің өзі майдан даласын дүр сілкіндіреді. Ол соғыста жай қарудан бөлек, ақыл мен айланы да үлкен қаруға айналдыра білді. Бауыржан Момышұлының өзі туралы аңыз, әңгімелер аз жазылған жоқ.
Ал, біз даңқты батырдың майдан даласында жауға қарсы қолданған маузері туралы айтпақпыз. Бауыржан Момышұлы 1965 жылы Ялтада жазған өсиет хатында «Маузерім осы музейде тұрсын» деп, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған екен. Батырдың өз қолымен жазылған сол хаттың өзі қазір құнды жәдігер. Тек батырдың соғыста пайдаланған картасы мен қойын дәптері Астана қаласындағы «Әскери музейге» берілген екен.
«Күндей күркіреп өткен» соғыстың қайғысы мен қасіретін маузер де бойына бүгіп, болмысына жасырып тұрғандай. Бар өмірін әскери қызметке арнап, Ұлы Отан соғысына қатысқан даңқты қолбасшы бұл маузерді сол отты жылдары пайдаланған. Бауыржан Момышұлы 1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақыртылғаннан бастап, 5 жыл соғыста от пен оқтың ортасын кешіп өтіп, одан кейінгі жылдарда әскери қызмет атқарып, 1956 жылы полковник шенімен отставкаға шыққан. Өмірінің 24 жылын әскери қызметке арнаған Бауыржан Момышұлының маузері – музейдегі ең құнды жәдігер.
Жалпы, батырдың тірі кезінде пайдаланған кез келген заты құнды. Бұл туралы бізге әңгімелеп берген облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова батыр тұтынған басқада жәдігерлерге тоқталды.
– Даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы өзі көзі тірісінде жеке фото суреттерін, күнделікті өмірде пайдаланған ыдыстарын, кітаптарын, сонымен қоса, темекі тартатын мүштегін, картасын, қойын дәптерін және өзінің жан жолдасындай болған маузерін музейге тапсырып, осы жәдігерлер жайында өсиет хатын қалдырған. Момышұлының мұралары тек облыс орталығында ғана емес, басқа қалаларда да сақталған. Маузер металлдан, ағаштан және қайыстан жасалған. 7,65 калибрлі. Жәдігердің металл бөлігінде «Маузер полковника Бауыржана Момышулы» деген жазуы бар.
Қазіргі таңда батыр атамыздан қалған әр зат – тарихи құндылық. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Даңқ залы» ғимараты ашылып, арнайы экспозиция құрылды. Батырдан қалған жәдігерді келіп, көріп қайтушылар саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар, ғимараттың екінші қабатында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметін зерттеумен айналысатын «Бауыржантану» зерттеу орталығы бар екенін бүгінде ел жақсы біледі. Осы орталықтағы ғалымдар аңыз тұлғадан қалған әрбір затқа терең мінездеме береді, – дейді Лаура Байтұрсынова.
Нұржан ӘЛІШ