Жаңалықтар

Атақты кәсіпкерлердің алғашқы бастамасы

Бүгінде жер-жаһанға аты мәшһүр бақуатты азаматтардың барлығы бірден байып кеткен жоқ. Олар да табысқа жету жолында талай тауқымет көріп, қиындықтарға төтеп берген. Дегенмен, ісіне деген адалдық, күрескерлік рухының арқасында бүгінде қаржыны «күреп» табатын алпауыт компания иелері атанып отыр. Біз сол әлемдік «бизнес акулалардың» алғашқы кәсіптеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

РИЧАРД БРЭНСОН, VIRGIN КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Табысы: 4,8 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Шырша сатушы.

Virgin компаниясын құрушы кәсіпкердің алғашқы кәсібі Рождество қарсаңында шырша өсіріп, сату болған. Алайда, шыршаларының басым көпшілігі қурап кетіп, ісі оңға баспаған. Оның ең алғашқы табысты кәсібі – 15 жасында ойлап шығарған Student деп аталатын мектеп журналы.

МАРК ЦУКЕРБЕРГ, Facebook ЖЕЛІСІН ҚҰРУШЫЛАРДЫҢ БІРІ

Табысы: 34,9 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Фэйсбук әлеуметтік желісі.

Марк – барлық белесін өз күшімен бағындырған әлемдегі белгілі миллиардерлердің бірі. Ол әлі өзінің бірінші жұмысында істеп келеді.

ДЖОРДЖ ЛУКАС, КИНОРЕЖИССЕР

Табысы: 5 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Оқытушының көмекшісі.

Ол Оңтүстік Калифорнияда оқытушының көмекшісі болып қызмет етіп жүріп, америкалық теңіз жаяу әскерлерімен деректі фильм түсіруге қызығады. Ақыры өз дегеніне, алға қойған арманына жетеді.

МАЙКЛ ДЕЛЛ, DELL КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Табысы: 18,2 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Қытай мейрамханасында ыдыс-аяқ жуушы.

Жоғары сыныптарда оқып жүргенде Делл қытайлық мейрамханада жұмыс істейді. Ол тапқан табысын жинап, марка жинаушы болып бизнес құрады.

ИЛОН МАСК, TESLA MOTORS, PAYPAL ЖӘНЕ SPACEX БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ҚАЛАУШЫСЫ

Табысы: 11,9 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Видеоойындарды құрушы.

Ол 10 жасында өзінің алғашқы компьютерінде бағдарлама жасауды үйреніп, 12 жасында алғашқы Blastar ойынын 500 АҚШ долларына сатты.

ДЖЕФФ БЕЗОС, AMAZON КОМПАНИЯСЫН ҚҰРУШЫ

Табысы: 34,7 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Макдональдста жұмысшы.

Бала кезінде әкесінің фермасында еңбек етеді. Өсе келе Макдональдсқа жұмысқа орналасып, бір жылдан кейін кішігірім кәсіпорын иесі атанады.

ЯН КУМ, WHATSAPP ЖЕЛІСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Табысы: 6,8 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Аула сыпырушы.

Америкаға келгеннен соң Ян анасына қатерлі ісікке қарсы күресуге көмектесіп, 16 жасында жергілікті азық-түлік дүкенінің алдын сыпырды. Yahoo-да жұмыс істеу үшін колледждегі оқуынан шығып кеткен.

УОРРЕН БАФФЕТ, BERKSHIRE HATHAWAУ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Табысы: 72,3 миллиард АҚШ доллары.

Алғашқы кәсібі: Газет таратушы және сағыз сатушы.

Баффет алты жасынан бастап жұмыс істеген. Ол америкалық отбасылардың үйіне барып сағыз сатады. Сонымен қатар газет таратып та үлгерген.

Түйін: Бұл біз атап өткен әлемдік бай кәсіпкерлердің бірнешеуі ғана. Олардың кәсіби жолына қарап табыс жайдан- жай келе қоймайтынын аңғарасыз. Ол үшін өмірдің әрбір сәті – валюта екенін ұмытпаған абзал.

 

Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ