Жаңалықтар

«Ақсақ құлан» қойылымы жаңаша сахналанды

Премьера

«Ақсақ құлан» аңызына қарағанда, Жошының өлімі ақсақ құланнан болған екен. Қаралы хабарды да хан Шыңғысқа Кетбұға жырау естірткен. Осы аңыз бен күй сарынын бала кезден естіп өспеген адам жоқ шығар.

12 маусымда сол аңыз «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында жаңаша баяндалды. 

Авторы – Ардақ Беркімбаев, қоюшы суретші – Қуат Түстікбаев, пластика режиссері – Әділет Таменов.

Аңызға негізделген феерия жанрындағы жаңаша қойылымның режиссері – Арухан Темірбекқызы. Премьера алдында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жас режиссер бұл туындыны өзінің алғашқы жұмысы екенін айтты. Халық аңызын тамаша пластика, сазды әуен, визуалды әсердің көмегімен көрерменге жеткізуді көздеген режиссер алдына қойған мақсатына жете алды деп ойлаймыз. Мұнда әсіресе пласиткалық режиссер Әділет Таменовтың еңбегі зор. Хан баласының аңға шыққанын, дүсірлетіп құлан қуғанын, садақпен атып құлан баласын өлтіргенін, ана құланның баласының өліміне қан жұта қайғырғанын, хан ұлының мерт болуын үнсіз баяндап, сөзсіз әңгімелеп берген театр әртістерінің, бишілерінің қабілеті таң қалдырды.

Қойылымның шарықтау шегі – ханға ұлының өлімі жайлы хабарды есіттіруі. «Балам өлі ме, тірі ме?» – деп нөкерлеріне кезек-кезек қараған ханның алдында жас Кетбұға тізерлеп отыра қалады да, қара домбыраны безілдете жөнеледі. «Ақсақ құлан» күйі. Хан ұлы өлімінің ревкиемі. Қайғылы күй күңірене естіледі. Домбыра бейнебір тірі жандай: «ұлың өлді, мерт болды» деп тұрғандай.

Күмбірлеген түрлі аспап үні, қойылымға әр берген жанды дыбыс – мұнда «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің шеберлігін де атап өткен жөн.