Күй күмбірлеп, ән шырқалды әуелеп
Музыка – адамзат үшін тылсым сырға толы әрі ғажайып құбылыс. Фольклорлық ансамбль өнері қай кезде де құндылығын жоймайтын шығармашылық шеберлігі. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы биыл үшінші мәрте ұйымдастырған «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер байқауы барысында көпшілік осыған тағы да көз жеткізді. Байқауға еліміздің бірнеше өңірінен және біздің аймақтан сайдың тасындай 12 өнер ұжымы қатысты.
Айтулы өнер додасын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүніс бай ашып, әр өңірден келген өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.
– «Көне Тараз күмбірі» атты дәстүрлі байқау биыл облысымыздың 85 жылдығымен және әйгілі әнші, ұлы композитор Кенен Әзірбаевтің 140 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ өнері мен музыкасына өлшеусіз еңбек сіңірген Кенен Әзірбаевтің тойы – халықтың тойы. Сондықтан, байқауға арнайы ат басын бұрып келген сіздерге алғыс айта отырып, әр ұжымға жеңіс, шығармашылық табыстар тілеймін, – деді Ерлан Нұрманұлы.
Айтулы өнер байқауын Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жекс ен Айсын бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқауда Әулиеата аймағының аудандарынан келген бірнеше ансамбль ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының «Аса сазы», Шу ауданының «Әсем әуен» ансамбльдері көпшілік көңілінен шықты. Олар халық күйлерін күмбірлетіп, Кенен әндерін де нақышына келтіре орындады. Жергілікті ақын- композиторлардың әндерін де ел жүрегіне жеткізді. Мұнан соң Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының алыс ауылындағы Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Науалы саз» ансамблі жан-жақты дайындықтарымен қуантты. Олар жамбылдық ақын Жұлдыз Бейсектің сөзіне жазылған Айдарбек Оңайбаевтың «Таразым» әнін жүрекке жеткізіп орындады.
Тақ Тараз. Жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық, туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы!
Күләш АХМЕТОВА,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты
Алматыдан келген «Қобыз сарыны», Батыс Қазақстан облысының «Бәйтерек» ансамбльдері көпшілік көңілінен шықты.
«Өнер десе қашанда делебем қозып, елеңдеп тұрамын. Осы байқауды арнайы келіп тамашалап отырмын. Маған өте қатты ұнап жатыр. Осындай ғажайып іс-шараның жарнамасы жақсы, көрермені көп болса деген тілегім бар», дейді Байзақ ауданындағы Аймантөбе ауылынан келген 74 жастағы Гүлдана Сәтова.
Байқаудың Гала-концертінде Сарысу ауданы, Жаңатас қаласынан келген Ықылас Дүкенұлы атындағы фольклорлық ансамбль Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін күмбірлетсе, тараздық «Қазақ елі» оркестрінің сүйемелдеуімен Мерей Әбуова Кенен Әзірбаевтің «Нұрлы жаз» әнін орындады. Сондай-ақ, Маңғыстау және Алматы облысынан келген ансамбльдер де керемет өнер көрсетті.
Ал, байқауды қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын қорытындылап, барлық өнер ұжымдарына алғысын білдірді.
Байқаудың қорытынды кезеңіне облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев қатысып, байқауға қатысушыларды облыс әкімінің атынан құттықтады.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл Кенен атамыздың 140 жылдығы. Біздің өңірде Кенен Әзірбаевқа деген құрмет жоғары. Рухани бай адам көп жетістікке жетеді. Біздің облыста руханиятты қолдау жоғары деңгейде» деген облыс әкімі аппаратының басшысы «Көне Тараз күмбірі» партитуралар жинағының тұсауын Жексен Айсынмен бірге кесті.
Сонымен қатар, байқаудың бас жүлдесін және бір миллион теңге қаржылай сыйлықты Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Қазақ елі» ансамбліне табыс етті. Жүлделі бірінші орын маңғыстаулық «Науалы саз» ансамбліне бұйырса, екінші жүлде батысқазақстандық «Ақсу» ансамбліне берілді. Жүлделі үшінші орынға Алматы облысының «Қобыз сарыны», Батыс Қазақстан облысы «Бастау» фольклорлық ансамбльдері ие болды.
Байқау барысында 13 жаңа күй тартылып, 14 жаңа ән орындалды. Жаңа туындылардың басым көпшілігі Әулиеатаға арналған шығармалар болғаны да өңір руханияты үшін үлкен олжа екені көңіл қуантты.
Есет ДОСАЛЫ