Мәдениет

«Анаға тағзым» орталығында «Әкелер күні» аталып өтті

Маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күніне» орай, облыстық «Анаға тағзым» орталығында «Әкем – бәйтерегім» отбасылық байқауы өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Еліміздегі әке институтын дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, отбасының тұрақты дамуы мен бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қала және әр ауданның үлгілі әкелері қатысты.

Тағылымы мол іс-шара басталмас бұрын асқар тауына арқа сүйеген қызғалдақтай қыздардың әкелерімен бірге мың бұрала билеген қойылымы жиылған көрерменнің көңілін толқытпай қоймайды. Көзге еріксіз жас келді.

Әсерлі кештің әлиқисса сөзін облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, мұндай ғибратқа толы іс-шаралар легі отбасылық құндылықтардың мән-маңызын одан әрі арттыра түсетініне сенімі мол екенін айтты.

Байқаудың ережесіне сәйкес, қатысушылар «Таныстыру», «Әкеге құрмет – балаға өсиет», «Әке көрген оқ жонар», «Сұрақ жауап», «Өнерлі әке» және «Бата беру» кезеңдері бойынша сынға түсті.

Ұлттық сал-дәстүрімізбен сабақтасқан әр сайыста әкелер өз өнерлерін ортаға салып, әуелете ән шырқып, сазды аспаптың құлағында ойнап, тіпті, жүрекжарды жыр жолдарын арнады.

Әкелердің талабы мен таланты, сондай-ақ, тұрмыстық жағдайдағы іскерлік қарым-қабілеті сыналған 6 сайыстың нәтижесі бойынша жүлделі I орынды Меркі ауданынан Болатбек Қыстауов иеленді. Ал, қазылар алқасының шешімімен тараздық Бахтияр Бекназаров пен Талас ауданың тумасы Аманбек Кузбақов II орынды теңдей бөлді. Сондай-ақ, тараздық Азамат Байжанов, Жуалы ауданынан Ербол Бекжанов, Шу өңірінен Әділ Диханбаевтар үздік үштіктен табылды.

Жеңімпаздар мен сайысқа белсенді атсалысқан әкелердің барлығына арнайы Алғыс хат пен қомақты қаржылай сыйақылар табысталды.   

Айта кетейік, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған болатын.