Суреттің сырлы әлемі
Өнер – өмірдің айнасы. Қазіргі таңда ғылыми жаңалықтар қанша жерден қарыштап дамыса да, классикалық бейнелеу өнері адамзат алдындағы өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Дарынды суретшілердің қолтаңбасы қалған картиналар өнер экспедициясында көп сұранысқа ие болуда және жоғары бағаға саудалануда.
Мысалы айтар болсақ, Герхард Рихтердің 110 картинасы «Топ-5000» тізіміне енген. Ал, олардың жалпы құны 746,083 миллион долларды құрайды. Олардың орташа бағасы 6,782 миллион доллар. Ал ең жоғары орташа баға Қытай көркем өнері стилінде салынған Қытай суретшісі Кюи Ружюдің картинасына тиесілі. Оның жалпы бағасы 8,139 миллион доллар.
Алайда, сурет тек қымбат сатылудан тұрмайды, оның атақтылығы да үлкен рөл атқарады. Ал, әлемдегі танымалдық жағынан алда тұрған Леонардо да Винчидің Мона Лизасы. Ол суретті өмірде көргеннен ғаламтордан көру оңайырақ. Себебі, Лувр мұражайына туристерден түзілген кезектен тарихи игілікке тек ең шыдамдылары ғана жетеді.
Кейбір адамдар суреттің танымалдылығына да, бағасына да қарамай, көлемі жағынан баға беруі мүмкін. Яғни, суреттің үлкен-кішілігі маңызды болуында. Бұл ретте әлемдегі ең үлкен картина Саша Джафридің жеті ай, 20 сағат уақытын алған, көлемі 1500 шаршы метрден асатын «Адамзат саяхаты» (The journey of humanity) туындысы саналады. Екі футбол алаңын құрайтын сурет өзінің көлеміне сай бағаланып, одан түскен қаражат балаларға көмектесетін қайырымдылық қорларына аударылған.
Сонымен қатар, сан сауал мен мың жауаптан тұратын картиналар да аз емес. Ол дегеніміз – түсініксіз салынған сурет, бірақ ол туындыдан әркім өз ерекшелігін көреді, яғни, суретшілер – сурет туындысын, тарихшылар – тарихты танып, діншілдер – діни, пәлсапашылар – пәлсапалық көзқарасымен бағалайды. Солардың бірі – 1915 жылы салынған Казимир Малевичтің ең танымал суреті – «Қара шаршы». Көп адам «Қара шаршының» құндылығы мінсіз түзу геометриялық фигураны суретшінің ешбір сызғышты пайдаланбай сала алғанында екенін айтады. Ал, кейбірі автор сәтсіз суретін қара шаршымен жасырған деген тұжырым жасаған.
Қорыта айтқанда, қандай да бір сурет салынар болса, ол танымал болсын, қымбат болсын, көп мағынаға ие болсын, ол нағыз дарындардың қолынан шыққан туынды. Көкірек көзімен бағалануы керек талант жемісі.
Ұлдана СЕРІКБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.