Жаңалықтар

Әке – асқар тау

Әке туралы ойлағанда, менің көңіліме сағыныш ұялап, жабырқап қаламын. Мен үйдің үлкенімін. Әкем қайтыс болғанда, небәрі он бір жаста едім. Төртінші класта оқитынмын. Үш інім – бес жаста, төрт жаста, кіші інім бір жаста еді. Шүкір, анамыз (аруағы пейіште шалқысын) жеткізді, өсірді, немере сүйді. Мен әкемнің әкелік махаббатын сезініп өстім. Оның еркелеткені, менімен уақыт тауып әңгімелесетіні, ақыл айтатыны, бәрі-бәрі есімде... Бірақ, мен соның бәріне шөліркеп, қанбай қалдым. Әкем өмірден ерте кетіп қалғаны жанымды жылатты. Содан кейін мен үлкен кісілерді көрсем, солардың қасынан табылуға, солардың әңгімесін тыңдауға тырыстым. Мен әрбір ер кісінің бойынан әкемнің қасиеттерін іздедім. Мені өмір өзі осылай ерте есейтті.

«Әкемнің арманын іске асырайын» деп ойласам, ол нені армандады, оны да түсінген жоқпын. Бірақ, мақсатым – жақсы ұл болып, әкемнің атына кір келтірмеу болды. Шамамның келгеніне де, келмегеніне де қарамай, «Осы бағыттан айнымауым керек!» деген тоқтамға келдім. Шүкір, әкемнің аты аталса, елең етіп, марқайып қаламын. Бір жақсы істерім еленіп жатса, «Бәрекелді, әкесіне тартқан екен. Әкесі жақсы адам еді» дегенді естігенде қуанышым қойныма сыймай, кеудемді бір сағыныш билейтін. Сол уақыттан бастап, «Ешқашан әкемнің атына кір келтірмеуім керек» деген қағида, тұжырым менің жүрегіме нық қонды. Бұл қағиданы мен өзім де отбасын құрғанда жарғы ретінде қабыл алдым. Өз перзенттерімнің де тәрбиесін осы қағиданың негізінде құрдым. Шүкір. Жаман емес. Үш ұлым бар. Үшеуі де отбасылы. Ұлдарым перзенттерім, досым, сырласым да болып кеткен. Оларға берген тәрбиедегі ең үлкен қолданған құралым, методикалық нұсқауым, ол – әкемнің айтқан ақылдары, көрсеткен өнегесі. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деп айтушы еді. Әрине, жаман бала жоқ. Оның көрген өнегесі мен алған тәрбиесі, баланы еш уақытта өзге жолға түсірмейді. Ең бастысы – арбаның алдыңғы дөңгелегінің дұрыс жолға түсуінде. Ал бұл арбаның тізгіні әкенің қолында болатыны хақ. Әкенің жақсы атын өрге де сүйрейтін, төрге де сүйрейтін оның балалары. Мен үшін ең ауыр сөз «Өй, әке көрмеген» деген сөз. Ұрпақтар сабақтастығының түп төркінінде осы әңгіме жатқан шығар. Сөзімнің соңын айтыскер ақын, досым Ахметжан Өзбековтың әкесіне арнаған өлеңінің бір шумағымен түйіндегім келіп тұр.

«Біреу айтса «Жақсы адам ғой әкең» деп,

Ойлайтынмын оған ұқсау қатем деп.

Бүгіндері ойға батам оңаша,

Балаларым соған тартса екен деп».

Бұдан артық қалай айтуға болады!

Әкелер аман болсын, олардың отбасы, бала-шаға, бау-шарбағы аман болсын, ағайын!

Ербол ҚАМБАТЫРОВ,

айтыскер ақын,

ҚР Мәдениет саласының үздігі.