Жаңалықтар

Жазғы лагерьдің жөні бөлек

Кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шықты. Енді оны тиімді өткізу – ата-ана үшін де, педагогтар ұжымы үшін де маңызды. Себебі, балалық шақтың әр күні – болашаққа бастайтын қадам. Биыл облыс оқушыларының 192699-ы жазғы лагерьдегі демалыспен қамтылады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 64466 бала демалыспен қамтылған. Оның ішінде 18201-і мектеп жанындағы тамақтанумен, 45805-і мектеп жанындағы демалыс алаңдарында, 1095-і қала сыртындағы сауықтыру лагерінде жазғы каникулды бастап кетті. Биыл облыста жұмыс істейтін жеті сауықтыру лагерінің үшеуі жұмыстарын бастады. Осы лагерьлерде демалып жатқан 700 оқушы «Қазақстан халқына» қоры есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Алайда, Байзақ ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының ата-аналары балаларының әлі лагерьлерге жіберілмегенін айтып, хабарласты. Оның себебін мектеп әкімшілігі мемлекеттік сатып алу арқылы әлі ешқандай лагерьмен келісімшарт жасалмағанымен түсіндіріпті. Мұның себебін облыс әкімдігі білім басқармасынан сұрадық.

Ал, Тараз қаласындағы мектептердің жанынан құрылған лагерьлердегі оқушылардың демалысы қалай ұйымдастырылып жатқанын білу үшін №43 және №48 орта мектептерге бардық.

Мұндағы «Күншуақ» лагерінде сегіз түрлі үйірме бар. Олардың әрқайсысы арнайы жетекші мамандармен бекітілген. Ал, күн тәртібіне тоқталар болсақ, таңғы жаттығудан басталып, балаларды қабылдау, топпен жұмыс, үйірме жұмыстары секілді лагерьдің іс-шаралары жүргізіледі. Түскі астан соң күнді қорытындылау арқылы балаларды үйлеріне жібереді.

Дәл осындай бағытта 180 оқушыны демалыспен қамтып отырған Тұрар Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің «Балдәурен» лагері де жоспарлы жұмыс атқаруда.

Күнделікті сабақтан босаған балалар жаз мезгілінде жұмысбасты ата-аналарының назарынан да тыс қалатыны рас. Осындайда жазғы лагерьлердің тигізер көмегі көп. Уақтылы тамағын ішіп, пайдалы іспен шұғылданып, ойнап та, оқып та үлгереді. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға көмегі көп.

 

Құрмет САРЫБАЕВ,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.