Су бұру жүйесіне 218 миллиард теңге бөлінді
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жауапты ведомствоның айтуынша, биылғы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысы мен реконструкциясына республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге көзделген. Оның 106 млрд теңгесі қалаларға және 112 млрд теңгесі ауылдарға бағытталады.
Министр еліміздегі 89 қаланың 65 толықтай сумен қамтылғанын да айтты. Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент, Державинск, Шемонаиха, Екібастұз және Шардара қалалары толықтай сумен қамтамасыз етіледі. Ал 2025 жылы 19 қаланың тұрғындарын 100%-ға қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Осындай көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қалалардағы су желілерінің құрылысы бойынша 83 жобаны іске асыру міндеті тұр. 27 жобаны ағымдағы жылдың соңына дейін, ал 28 жобаны 2025 жылы аяқтау жоспарланған.
Ағымдағы деректер бойынша 6 256 ауылдың 5 130-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 1126 ауылды 2025 жылдың соңына дейін қамтуқажет. Оның ішінде, 316 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.