Құндылық құлдыраса, қауіп күшейеді
Әдеттегідей жұмыс күнін аяқтап, шамалы шаршаңқы күйде үйге қарай қайтып келе жатқан болатынмын. Жаяу жүрудің пайдасын білгелі такси немесе қоғамдық көлікпен қатынауды азайтқанмын. Көре білгенге жылдың қай мезгілінде де табиғаттың көрікті көрінісі көп. Осындай сұлулыққа тамсанып, таза ауамен тыныстап жаймен айналама көз тастап, шаршағанымды басамын. Жанға жайлы қаламыздың тамаша табиғатын, жайдарлы адамдарын, болып жатқан барша көріністерін сырттай бақылауды әдетке айналдырғанмын. Мұның себебі де бар. Біздер мән бере бермейтін, бірақ үңіле қарайтын болсақ, ой түюге тұрарлық айналамызда көптеген жағдайлар орын алып жатады екен.
Бір қарағанда қалыпты қала өмірі жүріп жатқандай, көп кісілер өз уайым, ойларымен әлек, біреулер көлігімен үйіне асығып бара жатса, енді бірі мен секілді асықпай басып, ойға шомып барады. Дүкеннен асығыс шыққан орта жастағы әйелдің телефонмен сөйлесіп бара жатып «Қазір үйге барып тамақ істеуім керек, асығып тұрмын» дегенін еріксіз құлағым шалды. Сірә, жұмыстан қайтқан-ау, қолына сөмкесімен қоса бір бума қағаздарды ұстап барады. Қазіргі былай тартса – анаған жетпейтін, олай тартса – мынаған жетпейтін заманда көп ата-аналарға таңнан қара кешке дейін жұмыс істеуге тура келеді. Тіпті, кейбірі қосымша жұмыс істеп, түнде де балаларымен шүйіркелесіп отыруға уақыт таппайды. Себебі, қазіргідей тауар бағасы күнде қымбаттайтын уақытта аз айлыққа күн көру мүмкін болмай тұр. Бір жағынан баспана үшін алған ипотеканың, қажеттілікке жұмсаған несиенің қарызы қысып барады.
Әр ата-ана баласын елден кем қылмайын деп табыс табуға көбірек көңіл бөледі. Жұмысбастылықтан босай алмаған ата-ананың орнына баланы телефон, интернет тәрбиелеп жатыр. Соның салдарын жаға ұстатарлық жағдайлар көрсетіп те беруде. Бірақ, бала-шағасының қамы үшін күн-түн демей, еңбек етіп жүрген ата-аналарды да кінәлай алмайсың. Тек тілеріміз – сананы тұрмыс билемесін. Әйтпегенде, рухани құндылық құлдыраса, қауіп сонда туады.
Азамат ЖАҚЫПБЕК,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті конвергентті журналистика мамандығының 2-курс студенті.