Жаңалықтар

Түнгі рейд: 200-ге жуық жасөспірім анықталды

Бала тәрбиесінің тізгінін босаңсытпау керек екенін барша жұрт біледі. Әйткенмен, өсіп келе жатқан жас өскіннің қателік жасауы жауапкершілікті сезінбеуден басталатынын шын түсінетін ата-ана аз. Мұны көне шаһарда түнделетіп жүретін жасөспірімдердің көптігінен анық байқауға болады. Жалпы, жасөспірімдердің сауық-сайран құрып, тұрғын үйлердің ауласында әңгіме-дүкен құруында тұрған ештеңе жоқ. Десе де, көптеген көңілді отырыстың соңы қайғылы аяқталып, қалыпты өмірдің бір бөлшегіне айналған көше кезбелігі қателікке ұрындырса, қайтпек керек?

Бірер күн бұрын жамбылдық тәртіп сақшылары жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдермен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қайтты. Дәлірек айтқанда, полицейлер кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында кезекті рет рейдтік іс-шараларды қолға алды. Бұл күні ойын-сауық орындары мен тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау, олардың алкогольдік, темекі және өзге де тыйым салынған заттар мен сусындарды тұтынуы, сондай-ақ, оларға алкогольдік және темекі бұйымдарын заңсыз сатуға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Жалпы, рейдтік іс-шаралар жүргізілген 4 тәуліктің ішінде полицейлер кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 196 дерегін тіркеді. Бұдан бөлек, 11 жасөспірімнің ойын-сауық орындарында болғандығы анықталды. Сәйкесінше, аталған бұзушылықтар үшін олардың заңды өкілдері тиісті жауапкершілікке тартылды. Атап өтейік, бұл күндері кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты алты хаттама толтырылған. Бизнес өкілдері кәмелетке толмағандарды ойын-сауық орындарына жібергені үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ, рейдтік іс-шара барысында жасөспірімдер тарапынан жасалған ұсақ бұзақылықтың екі дерегі анықталса, заңды өкілдердің міндеттерін өз деңгейінде орындамауының 18 фактісі тіркелген.

– Көптеген ата-ана бала-ларының бос уақыты мен өз ортасындағы байланыстарына тиісті назар аудармауы кәмелетке толмағандардың заңсыз ортаға тартылуына әкелуі мүмкін екендігін ескермейді. Егер тұтастай алғанда, отбасы мен жалпы қоғам тарапынан қалыптастырылған құқықтық сана болмаса, полицейлер жүргізген көптеген түсіндірме жұмыстары, дәрістер және басқа да алдын алу шаралары тиісті нәтиже бермейді, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.

Қорыта айтқанда, жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салу, көңіл көтеру орындарына заң талабын орындату оңай шаруа емес. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлері жоспарға сай рейд жүргізіп, тиісті рұқсат қағаздарына қол жеткізуге талпынып келеді. Әйткенмен, құқық қорғау қызметкерлерінің қарасынан қаймықпайтын кәмелетке толмағандардың бар екенін ұмытпаған жөн. Осындай сәттерде ата-анасының бала тәрбиесінде олқылық жібергенін бірден ұғамыз. Өкінішке қарай, ұл-қызына қаталдық танытпайтын осындай жауапсыз әке-шешелердің кесірінен көше кезетін жасөспірімдердің қатары азамай отыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ