Жаңалықтар

Қылмыс хроникасы

«Заңсыз келуші – 2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көлік полицейлері 112 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде елде болу ережелерін бұзған шетелдік 90 адам болса, олардың 87-сі ТМД елдерінің азаматтары. Ал, өзге 3 адам алыс шетел тұрғындары екені анықталған. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Көші-қон заңнамасын бұзғандар құрықталды

«Заңсыз келуші – 2024» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көлік полицейлері 112 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде елде болу ережелерін бұзған шетелдік 90 адам болса, олардың 87-сі ТМД елдерінің азаматтары. Ал, өзге 3 адам алыс шетел тұрғындары екені анықталған. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Оның сөзінше, сот үкіміне сәйкес, 17 шетелдік елден тысқары шығарылған. Мәселен, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалын тексеру кезінде заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде кетуден жалтарған еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан Республикасының 15 азаматын әшкере еткен. Бүгінгі таңда барлық құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылып, көші-қон заңнамасын бұзған көрші елдің 10 азаматына ел аумағына кіруге 5 жыл мерзімге тыйым салынған. Сондай-ақ, қалған 5 азамат 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалаған.

Жұмыс күшін заңсыз пайдаланғандар жауапқа тартылды

Тәртіп сақшылары тарапынан жүргізілген кең ауқымды операция кезінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жұмыс беруші 387 қазақстандық азамат жауапқа тартылған. Мұндай фактілердің басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысында анықталған.

Жалпы, жергілікті жұмыс берушілер жұмысқа алу бойынша рұқсатты рәсімдеуден жалтарады. Ал, жұмысшыға құқықбұзушылықтар жөнінде хабарланбайды. Көші-қон қызметі жұмыс берушілерге Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертеді. Айта кетейік, «Заңсыз келуші – 2024» іс-шарасы шеңберінде көші-қон ережелерін бұзған 605 шетелдік елден шығарылған. Енді олар алдағы бес жыл ішінде Қазақстанға кіре алмайды.

Ширек ғасыр жасырынған күдікті қолға түсті

Қылмыстың өтеуі – жаза. Қоғам игілігіне қол салып, өзгелердің өміріне қауіп төндірген қылмыскерлерге жеңілдік болмауы тиіс. Осы себепті, тәртіп сақшылары ұзақ уақыт бұрын тіркелген қылмыстық істі ашуға айрықша мән береді. Мәселен, жуырда ғана криминалдық полиция қызметкерлері ресейлік әріптестерімен бірге Шешенстан астанасы – Грозный қаласына қоныстанған 55 жастағы ер адамды қолға түсірді. Ол 25 жыл бұрын қарақшылық жасады деген күдікке ілінген.

– Тергеу мәліметтері бойынша, 1998 жылдың тамызында күдікті тапанша мен балта қолданып, екі ағайындыға қарақшылық жасап, «Nissan» маркалы қос көлікті иемденген. Қылмыс жасағаннан кейін ол қашып кетті, – делінген полицейлер таратқан ақпаратта.

Ақбөкен мүйізін саудаламақ болғандар ұсталды

Бірнеше құзырлы орган өкілдері бірлесе жүргізген іс-шара нәтижесінде өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ олардың бөліктері мен дериваттарымен заңсыз айналысқан күдікті ұсталды. Тінту кезінде 39 жастағы ер адамның үйінің шатырынан скотчпен оралған 7 картон қорап табылған. Ал, бұл қораптардың ішінде 464 дана ақбөкен мүйізі бар екені белгілі болды. Атап өтейік, ақбөкен мүйізін заңсыз сақтаған жігіт ағасы мемлекетке 1,2 миллиард теңге шығын келтірген.

– Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, істің барлық мән-жайы мұқият зерттеліп жатыр. Құқық қорғау органдары барлық фактілерді анықтауға және кінәлілерді жауапқа тартуға бар күшін салады. Бұл жағдай сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды қорғаудың маңыздылығын көрсетеді. Мұндай ресурстардың заңсыз саудасы экожүйеге үлкен зиян келтіреді және табиғи тепе-теңдікті бұзады, – делінген арнайы ведомствоның мәлімдемесінде.

«Қара риелторлардың» жолы кесілді

Полицейлер «қара риелтор» деп аталатын топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. Топ құрамында заңгерлер, адвокаттар мен нотариус болған. Олар қорқыту және зорлық-зомбылық көрсету арқылы зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың және алкоголь мен есірткіге тәуелді азаматтардың мүліктері мен пәтерлерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан. Осылайша олар бас-аяғы 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. Ал, қылмыстық топтың белсенді бір мүшесі деструктивті діни ағымның жақтаушысы екені белгілі болды.

– Тінту іс-шараларын жүргізу барысында әртүрлі жылжымайтын мүлік пен жеке тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжаттар тәркіленді. Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр, – деді Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.