Ауыл халқының табысы артып келеді
Ауыл халқының табысын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруді көздеген «Ауыл аманаты» бағдарламасы шалғайдағы Шу ауданында да сәтті жүзеге асып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков мәлімдеді. Айтуынша, бүгінгі күнге дейін мұнда аталған жобаның бес бағыты бойынша 4,2 миллиард теңге көлемінде несие бөлінген. Ал, үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерді игеру мақсатында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, оларға 104 миллион теңге айналым қаражаты берілген.
– Қарапайым жұртшылықтың ауыл-аймақтарда еңбек етіп, тиісінше тұрғындардың сонда тұрақтануына бағытталған осынау жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Жалпы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлы бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында қолға алынған жұмыстарға бұқара халық та мүдделілік танытып отыр. 2019 жылдан бері аудан көлемінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы 5 ауылдық округте іске қосылды. Есепті кезеңде жергілікті тұрғындар тарапынан бас-аяғы 700-ден аса өтінім келіп түсті. Бұл жылдары шулық шаруаларға қорасындағы мал басын көбейту үшін 3,6 миллиард теңге берілді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке бет бұрған 5 тұрғын 34,6 миллион теңге несие алды. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны осы елді мекендерде 81,8 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, диқандар 40 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізді. Ал, биыл ауданымызда осы бағдарлама аясында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, жалпы құны 746,8 миллион теңгені құрайтын 96 өтінім жинақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Жиын барысында аталған өңірде жайылым жерлердің жайы да кеңінен сөз болды. Аудан әкімінің сөзінше, бүгінде мұнда 20 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Дәл қазір бұл мәселені шешу мақсатында бірқатар тиісті жұмыстар қолға алыныпты. Айталық, жер комиссиясы елді мекендердің жайылым жерлерін ұлғайту үшін аудандық қосалқы жер қорынан қосымша 21 мың гектар жайылымдық жер учаскелеріне оң қорытынды беріп үлгерген. Осы жылдың жоспарына сәйкес, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекет меншігіне 10 мың гектар жер қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін бір мың гектардан аса егістік пен екі мың гектардан астам жайылымдық жер қайтарылыпты. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатынын айтты.
Баспасөз-брифингінің соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталған спикер мұндағы каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары туралы да баяндап өтті. Ол өз сөзінде оң жағалаудағы магистраль бойында орналасқан 9 каналды жөндеу жұмыстары келесі жылы толығымен аяқаталатынын айтты. Айта кетейік, аудан аумағында су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің жол картасы аясында 80 каналдың жобалық-сметалық құжаты әзірленіпті.
Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ