Әдебиет

Құланның қоңыр өлеңі ескерусіз қалмаса екен...

Кез келген қаламгердің қаруы – қалам, Жаратқаннан бұйырған ерекше сыйы – өнер. Ұшқыр оймен сүбелі сөз саптап, өз заманының бет-бейнесін өлеңмен өрнектейді немесе көркем туындыға арқау етіп жеткізеді. Сол ақын-жазушылардың туындыларымен кейінгі ұрпақ өткенді танып, тарихи дерек анықталады. Сонысымен де ақын-жазушылардың шығармашылық жұмысы құнды. Өнерпазға көпшіліктің көңіл бөлуі, құрметтеуі шабыт шақыратыны жаратылыстан берілген қасиет. Алайда, көзі тірісінде талмай еңбек етсе де табиғатынан талантты кей жандардың тасада қалып жататыны өкінішті. Сондай талантты ақынның бірі – құландық Кәріпжан Нүсіп еді.

Дүйім жұртқа Досымжан Таңатаровтың орындауымен таныс «Біз екеуміз» әнінің сөзін жазған ақын он жылдан астам уақыт бұрын дүниеден өтті де, одан соң есімі көп айтылмай кетті. Көзі тірісінде кітапқа шығарып үлгермеген өлеңдері де қаншама. «Біз екеуміздің» әнін жазған композитор Дүйсенәлі Бықыбаев «Бұл – екі отбасындағы жұбайлар арасындағы сыйластықтың құрметіне жазылған ән», – дейді.

Расында, Кәріпжан Нүсіп өте қарапайым болатын, өздігінен атақ-мансап алуға, әлдене сұрап басшылардың алдына баруға ұмтылмайтын еді. Алдына келген жаннан білгенін айтудан аянбайтын. Әсіресе, көптеген шығармашылыққа бейім жастар ол кісінің кабинетінен үзілмейтін.

Бүгінде ақынның шаңырағында орнын жоқтатпай отырған қызы Гүлназ Атабаева артында қалған кітаптарын мектептер мен кітапханаларға тегін таратыпты.

– Әкем дүниеден өткеннен соң ақынын іздеген әкімді көрмедім. Тек көзін көрген жақындар, тілеулестер ғана қимастық білдіріп, хабарласып тұрады. Бір жиында әкем 40 жыл еңбек еткен аудандық редакциядағы бір кабинетке есімі беріледі екен деп естіп едік. Өзі оқыған Қорағаты ауылындағы мектебінен бір кабинет ашылуы мүмкін дегенді де құлағымыз шалды. Бірақ, ешқайсысы да іс жүзінде орындалмады. Анам көзі тірісінде осы ауылдан бір көшеге аты берілсе деп аудан әкімшілігіне ұсыныс айтып көрген еді, оған құлақ асқан ешкім болмады. Міне, осындай бір ақынның Құлан өңірінде өмір сүргенін, осы аймақтың жақсылығын жырға қосқанын, мемлекеттің саясатын жалпақ жұртқа жариялап, қарапайым халықтың мұң-мұқтаждығын билікке жеткізуде журналистік қызмет атқарғанын қазіргі ұрпақ та ұмытып бара жатыр. Кейін іздегендер болса, ол жайлы деректерді архивтен табар деп, күйеуім екеуіміз әкемнің қолжазбалары мен өзіне тиесілі құжаттарын архивке тапсырдық, – деді Гүлназ Кәріпжанқызы.

Қызының айтуынша, Кәріпжан ақынның әлі жарыққа шықпаған көптеген өлеңдері жинақталып тұр. Артында қалған мұрасын кітап етіп басып шығарып, кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік болса, мемлекет тарапынан жинағы жарыққа шықса деген тілек те бар.

«Бәлкім, ақынның шығармаларына арналып, аудандағы кітапханаларда қандай да бір іс-шаралар өткізіліп жатқан болар» деген үмітпен аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің директоры Мереке Айнақұловқа хабарласып көрдік. Бірақ, одан «Жыл соңына қарай өткізсек деген жоспар бар, әлі өткізбедік», – деген жауап алдық. Дәл осы жауапты Мереке Айнақұловтан өткен жылдың 29 қыркүйегінде де естіген едік. Ол кезде де ақын шығармаларына арналған іс-шаралар ұйымдастырылса, жалпақ жұртқа басылым арқылы жариялап, туындыларының кеңінен танылуына үлесімізді қоссақ деген ниетпен сұраған болатынбыз. Сонда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры «Жыл соңына қарай жоспардан тыс өткізуді жоспарлап отырмын», – деген болатын. Арада 9 ай өткен соң да ол жоспар жүзеге аспағанын білдік.

Мұндай іс-шаралардың әкімдік тарапынан қолдау болмаса, жүзеге асуы қиын екенін ескеріп, аудан әкімі Ернар Есіркеповтен сұрауды жөн көрдік. Алайда, телефон шалған қоңырауымызға аудан әкімі Ернар Серікәліұлы жауап бермеді. «Мүмкін, маңызды жұмыстардан босамаған болар», деп WhatsApp желісі арқылы сұрағымызды жолдадық. Бірақ, содан бері қаншама күндер өтті, әкім мырза жазбаны оқыса да, әлі тіл қатпады. Бұл «шенеуніктің журналисті менсінбегені ме?..» деген ой тудырғанын несіне жасырайық?

Кері байланысқа шығудан бас тартып, біздің сауалымызға жауап беруге мойын бұрмаған әкімнің өмірден өткен жергілікті ақынды іздеуге де құлықсыз екеніне көз жеткізгендей болдық. Біздікі тек өмірі өлеңмен өрілген ақынның аты ұмытылмаса, Құланның қоңыр өлеңі ескерусіз қалмаса екен деген тілек қана еді...

 

Қамар ҚАРАСАЕВА