Аймақтағы ауқымды акция
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан экологиялық акция ең алдымен Тараз қаласында бастау алып, аудандарда жемісті жалғасын тапқан болатын. Облыс орталығында қоршаған ортаны қорғап, табиғатты аялау бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда.
«Таза Қазақстан» атты бес апталық республикалық экологиялық акциясын өткізу бойынша желілік кесте әзірленіп, тазалық жұмыстарын жүргізу, тал балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру бағытында 50 іс-шараның тізбесі әзірленді. Сондай-ақ, кестеден бөлек, әр аптаға тақырыптық жоспарлар бекітілуде. Қала бойынша жалпы 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты.
Атап айтқанда, «Таза өлке» апталығы аясында қала аумағында 29 тазалық іс-шара ұйымдастырылып, көп қабатты үйлердің аулаларына, қала көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2 175 (ясинь – 1 423, қарағаш-183, шырша – 46, сирень – 111, ақ қайын –28, акация – 10, павления –13, туя – 88, можжевельник – 132, мальва – 62, қарағай – 79) ағаш көшеті отырғызылды.
«Киелі мекен» апталығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 ағаш (қарағаш-5 000, ясинь-30, туя-10, мальва-64, қарағай-15, шырша-17, қарағаш-10) көшеттері мен 500 раушан гүл отырғызылды.
«Жасыл аймақ» апталығында скверлерде, қала көшелеріне, саябақтар мен шалғай аумақтарға 2 453 ағаш (шырша – 60, ясинь – 140, қарағаш – 2 100, мальва – 230, туя – 30, жеміс ағаштары – 100) көшеті отырғызылды.
Ал, «Өнегелі ұрпақ» апталығында қаланың белсенді жастары, «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйіне санитарлық-тазалық, ағаш бұтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп, зиялы қауым өкілдерімен TEDx форматта еркін сұхбаттасу ұйымдастырылды.
«Мөлдір бұлақ» апталығында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдерді күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау жұмыстары жүргізілді. Халық көп шоғырланған қоғамдық орындарда, саябақтарда канал бойларында өзен-көл жағасында тазалық жұмыстары әлі күнге дейін қарқынды жүруде.
Тараз қаласында тал егу арқылы акцияны бастап берген облыс басшысы Ербол Қарашөкеев: «Мақсаты – өлкелерімізді, аудандарымызды, Тараз қаласын тазартып, «Әулиеата – жасыл өлке» деген бағамызды сақтап, ауылдарымызды абаттандырып, ажарын арттырып, ел болып бірігіп, тазалық жолында жұмылу. Сол себептен барлық жамбылдықтарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбіріміз ел болып атсалысамыз деген сенімдемін», – деген еді.
Қазіргі таңда экоакция аясында құрылыс жұмыстары да қолға алынып, құбырлар да жаңғыртылуда.
Мәселен, Тараз қаласындағы коммуналдық меншіктегі алты үйге 99,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп, қаладағы 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.
Туристерді тарту мақсатында Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күні «Тектұрмас» кешені аумағындағы «Көне қамал» нысанының құрылысы жүргізілуде. Нысан 2026 жылы аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, кешенде келушілерге жағдай жасау мақсатында ұлттық тағамдарды ұсынатын ұлттық асхана ашылатын болады.
Кешенге жалпы 4500 қылқан жапырақты ағаш егу жоспарланып, оның 3500-і егілді. Бүгінгі күні егілген ағаштарды және егілетін көгалды автоматты түрде тамшылатып суару жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта суару жүйесіне арналған 16 мың метр су құбырлары алынған.
Бүгінде Тараз қаласындағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін 300 шақырымға жуық каналдар мен арықтар тазартылмақ.
Т.Рысқұлов ауданында Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жүргізілуде.
Аудан орталығындағы «Ардагерлер үйі» саябағында тазалық жұмыстары қолға алынып, ауданның белсенді жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары саябақ маңына абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акцияның жалғасы аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналаған «Жеңіс» саябағында жүргізіліп, саябақ алаңына көгалдандыру, қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жастар ресурстық орталығы мамандарының ұйымдастыруымен акция барысында Құлан ауылындағы үш жалғызбасты қартқа және барлық ауылдық округтерде жалғызбасты қарттардың ауласына тазалық жұмыстары жүргізіліп, көмектер көрсетілді. Аталған акция аясында атқарылған жұмыстарға ауданның 50-ге жуық белсенді жастары қамтылды. Аудан орталығындағы көрікті жерлерді тазартуға және көгалдандыруға қатысқан ауданның белсенді жастары және «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысуы ерекше маңызды болды. Акцияның соңғы күні жастар топқа бөлініп, эстафеталық жарыстар өткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен ел көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқандық акциясы бас-аяғы бес аптаға созылғаны белгілі. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» тақырыбымен жүзеге асқан тазалық жұмыстарында Шу ауданының тұрғындары да өз үлестерін қосып, белсенділік танытты. Ал, дәл осы акция аясында жуырда ғана «Жасыл Ел» еңбек жасағы Шу қаласындағы «Темір жолшылар саябағында» тазалық жұмыстарын жүргізсе, бірер күн бұрын шағын шаһардағы Жапар Түйебеков көшесінің бойындағы арық-атыздарды күл-қоқыстан арылтты.
– Республика көлемінде ұйымдастырылған ауқымды акцияға қатысу, туған өлкеңнің көркеюіне тамшыдай үлес қосу – азаматтық парыз. Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, айналаны абаттандыру – мемлекеттік маңызды іс. Біз, жастар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдаймыз. Осынау науқан аясында еңбек дәстүрі дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығы сәтті жалғасын табуда, – дейді Neet жастарымен жас отбасылармен жұмыс бөлімінің маманы Мұхтар Бадаев.
Президенттің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы еліміздің әр өңірінде бастау алып, науқанға бұқара халық жұмыла атсалысқаны белгілі.
Аталған экологиялық акцияның аясында Жуалы ауданында тал-дарақтар көшетін егу және ауыл-аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» тақырыбында игілікті шара ұйымдастырылған болатын. Бұл маңызды бастаманы аудан тұрғындары да белсенді қолдау үстінде. Акция негізінде ауданға қарасты барлық ауылдық округте экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланса, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа бағытталып отыр. Бұл ретте, жалпы қоршаған ортаны қорғау, өңірде тазалық жұмыстарын атқарып, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру ісінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жүйелі жұмысын жарқын үлгі ретінде айтуға болады. Еңбек жасағының жұмысын үйлестіру ауданда да қолдау тауып, туған өңірдің гүлденіп, көркеюіне жанашыр және еңбекқор жастар еңбек жасағына жұмысқа қабылданып, өңірдің тазалығына айтарлықтай үлес қосу үстінде. Айта кетсек, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына ауданнан барлығы 50 жас қабылданып, олар қарқынды жұмыс істеуде. Бағдарламаның негізгі шартына сәйкес, жасақ құрамына 16 мен 35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастар қабылданған. Жастарды еңбекке баулу – негізгі міндет. Бір қуантарлығы, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарындағы жұмысшы жастардың еңбекақысы алдыңғы жылдары небәрі 50 мың теңгені құраса, қазір оларға төленетін жалақы 71 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Жастардың күшімен елдегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру – игілікті де дәстүрлі шараға айналып келеді.
Айта кетсек, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» деп аталатын экологиялық науқанның аясында аудандық «Жасыл ел» жасақтары аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Парасат көшесінің бойына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында өңірдегі арықтарды тазалау, ауыл-аймақты абаттандыруға баса назар аударылғанын да баса айтқымыз келеді.
Сондай-ақ, аталған акцияға Қарасаз ауылдық округі Қарасаз аулының жұртшылығы да өз үлестерін қосып, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Ауыл орталығындағы саябақ аумағына жастардың қатысуымен тазалық шараларын жүргізіп, шөп шабу, қоршау жұмыстары ұйымдастырылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырып, жандандыру бағытында Сарысу ауданында да едәуір жобалар жоспарланды. Бұл тұрғыда Жаңатас қаласындағы «Комсомол» көлі мен Ақбұлақ бастауы тазаланылып, көріктендіріледі. Саудакент аулындағы «Шоқай Датқа» кесенесінің жан-жағы тазартылады. Сондай-ақ, «Ең үздік аула» акциясы аясында аудан орталығындағы шағын аудандар мен елді-мекендерде тазалық шаралары жүргізілмек. «Ең белсенді волонтер» акциясы аясында Жаңатас қаласы мен ауылдық округтердегі тазалыққа белсенділік танытқан азаматтар мен жастарды марапаттау рәсімін ұйымдастыру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Мойынқұм ауданында да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде аудандағы барлық 16 ауылдық округте тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, ауылдардың іші мен сыртындағы күл-қоқыстар арнайы орындарға шығарылған. Сондай-ақ, 24 елді мекеннің аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер айналасына да тазарту жұмыстары жүргізіліп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған ескерткіштің және екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, батыр бабамыз Биназар Ақеділұлының, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіштері айналасына тал-дарақтар егілді. Бұл жұмыстарға аудан ардагерлерінен бастап, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер мен оқушылар, ауыл жастары мен тұрғындары жаппай атсалысты. Акция барысында тазалық жұмыстарына жалпы 32 мекеме мен 3000-ға жуық ауыл тұрғыны қатысып, 16 техниканың күшімен 20 тоннадай күл-қоқыс шығарылған. Мойынқұм ауылындағы бір тыл еңбеккері мен бір жалғызбасты мүмкіндігі шектеулі қарияның ауласына тазалық жұмыстары жүргізіліп, гүл көшеттері отырғызылды.
Жалпы, ауданда жыл бойы бекітілген кестеге сәйкес аптасына бір рет тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Мәселен, жақында аудан орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштің маңын тазалау жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік мекемелердің аулаларын, саябақтарды тазалау бойынша жаппай сенбілік ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы осындай игілікті іс-шаралар алда да өз жалғасын таба бермек.
«Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы аясында Меркі ауданында да абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда. Мәселен, аудандағы соңғы күнде атқарылған жұмыстарға шолу жасасақ, аудан орталығы Меркі ауылдық округінде түрлі мекеме, тау шатқалында тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округтегі қызметкерлері тау шатқалында сенбілік жасап, аумақтағы тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Меркі ауылдық округінде санитарлық тазалық жұмыстары тау шатқалына барар жолдың бойында, елді мекеннің ішінде жалғасты. Жол жиектері мен гүлзарлар тазаланып, тал-дарақтар түбі әктелді. Аялдама мен бордюрлер сырланып, жол бойындағы шөптер шабылды. Сонымен қатар, аталған акция аясындағы жұмыстар шалғай елді мекендерде де өз деңгейінде атқарылуда. Мәселен, Аспара ауылдық округінде көшелер тазартылып, гүлзарлар орны қопсытылып, жабайы шөптер шабылды. Сол сияқты «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру шаралары Ақтоған, Андас батыр, Сұрат, Ақермен, Кеңес, Жамбыл, Рысқұлов ауылдық округтерінде де атқырылуда.
Айналаның тазалығымен қатар, әлеуметтік нысандар да акция аясында назардан тыс қалмауда. Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Мыңқазан аулында балалар ойын алаңшаларына сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Ойтал ауылдық округі аумағында әктеу, сырлау жұмыстары ерекше екпінмен жүргізілуде. Әлеуметтік мекемелердің аулаларындағы гүлзарлар қопсытылып, арықтардың арналары тазаланды және бұл жұмыстар күнделікті бақылауға алынған.
Дайындаған «Aq jol» газетінің тілшілер тобы.