Жаңалықтар

Алаяқтардан сақтаныңыз...

Қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселелерінің бірі – интернет алаяқтық. Шын мәнінде, қарапайым қауіпсіздікті сақтауға немқұрайлы қарайтын ел-жұрттың басым бөлігі алаяқтардың құрбанына айналған. Технологияның тілін мықты меңгерген әккілер, әсіресе, әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, соңғы бес жылда Қазақстанда тіркелген интернет-алаяқтық саны он еседен асып түскен. Ал, бірер жыл бұрын алаяқтық фактісімен жалпы 3898 қылмыстық іс тіркеліп, нақ осы қылмыстың өсу деңгейі 7,4 пайызға жеткен. Ел азаматтарының арам ниетті қылмыскерлердің арбауына түспеуін мақсат еткен «АФМ оline 2024» іс-шарасында дәл осы мәселе кеңінен талқыланды.

Қаржы мониторингі агенттігінің ұйытқы болуымен өткен ауқымды іс-шараға тікелей эфир арқылы 6 министр, 10 миллион аудиториясы бар атақты блогерлер, қаржы саласының сарапшылары мен еліміздегі ең үздік 35 университеттің 20 мыңнан астам студенті қатысуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, белгілі медиа тұлғалар, қаржы талдаушылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері төбе көрсетіп, қаржылық пирамидаларының жалпы сипаты мен алаяқтықтың алдын алу бағытында өзара пікір алмасты. Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаевтың айтуынша, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шара барысында өңір-өңірдегі мыңдаған студент өздеріне аса қажетті мағлұматты алуға қол жеткізген.

– Елімізде бірінші рет өтіп тұрған «AФMоnline 2024» іс-шарасында ел азаматтары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне алаяқтардың құрбанына айналмау үшін қажетті ақпараттарды ұсынды. Мұнда қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері қаржы пирамидалары мен сипаты, алаяқтықтың алдын алу жолдары жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Жалпы, бұл іс-шараға әлеуметтік желілердегі алаяқтық схемаларды білуге ниет білдірген әрбір азамат қатысуға тікелей эфирде қатысуға мүмкіндік алды, – дейді Жағыпар Қожахметұлы.

Айта кетейік, «AФMоnline 2024» жаңа пікірталас алаңында көпшілікке белгілі Айгүл Мүкей, Рүстем Омаров, Ерболат Жанабылов сынды танымал блогерлер мен медиа тұлғалар, сондай-ақ «Stop_piramida.kz» жобасының авторы Юрий Ли, «FINANCE KAZ» жобасының авторы Андрей Чеботарев және «ALAYAQ NЕТ» жобасының негізін қалаушылар Абылайхан Әбдірәш пен Нұрсұлтан Орынбеков өз ойларын ортаға салды. Спикерлер әлеуметтік желілерде заңбұзушылықтың алдын алу жолдары мен интернет алаяқтарының «досына» айналған дропперлер туралы тұщымды пікірлерін білдірді. Жиын соңы табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып тапқан қаржысынан қас пен көздің арасында айырылып қалмау әр адамның тікелей өзіне байланыстыруымен қорытындыланды.

 

Есен ӨТЕУЛІ