Жаңалықтар

Батырлардың рухына құрметпен қарайық...

Тараз қаласында кешкісін тұрғындардың, жастардың жиналатын орны көп. Бұл – қуанарлық жағдай. Олардың әлеуметтік желіге телмірмей бір мезгіл шахмат, дойбы, волейбол ойнап уақытты ұтымды өткізіп жатқаны құптарлық. Бірақ, олардың айналасындағы саябақтың сәнін кіргізіп, ажарын ашып тұрған ескерткіштерге деген немқұрайлылығы көңіл көншітпейді. Мәселен, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағындағы екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батырларына арнап тұрғызылған, есімдері гранит тақтаға қашалып жазылған кешендегі үш ілме тас орнының үңірейіп бос тұрғанына бір айға жуық уақыт болып қалды. Осы бір көрініс сәні мен салтанаты келіскен композицияның берекесін кетіріп тұрғандай.

Бауыржан Момышұлы ескерткішінің екі қапталына қос қанатындай қанат жайып тұрған, қаз-қатар сап түзей тізілген жұлдыздар саябақтың да сәнін ашып тұрғаны анық. Облысымыздан шыққан 39 батырдың ішінен олардың есімі жазылған үш ілме тастың қирап, орнының үңірейіп бос тұруы өкінішті.

7 мамыр қарсаңында ғана бірнеше ілметасы құлап, орны үңірейіп тұрған жұлдыз иелері тұғырына қайта қонған еді. Сонымен бірге, тыл еңбеккерлері мен соғыста қаза болған жауынгерлердің есімдері қашап жазылған кешендегі әріптер мен ою-өрнектер де қалпына келтірілген еді. Бір ай болмай жатып, баяғы қалпына қайта түскен.

Тарихта ерлік жасаған ерлер ешқашан ұмытылмайды. Бірақ, екінші дүниежүзілік соғыстың көзін көргендер қатары азайған сайын, бүгінгі ұрпақтың ол тарихқа деген құрметі азая бастағандай ма, қалай?!

«Мен осы саябақты күн сайын кесіп өтемін. Кешкісін жұмыстан қайтып келе жатқанда жастар әр тұста топ-топ болып доп ойнап жатады. Ойнасын, оған қарсылығым жоқ. Бірақ, кейбіреулері допты ескерткіш тақталарға қадап ұрып жатқанын бірнеше рет көзім шалып қалды. «Қыздар, бұларың қалай? Бұл жерде біздің екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған аталарымыздың есімдері жазылған. Олардың бетіне доп ұрып ойнағандарың дұрыс па? Бұларың ұят емес пе?», дедім.

Жастар көзіме жақтырмай бір қарады да үндеместен теріс айналып кетіп қалды. Ұзап барып артыма бұрылып қайта қарадым, әлгі қыз маған дейін істегенін қайта істеп жатыр. Күрсіндім де қойдым», – деді қала тұрғыны Гүлнәр Садықова.

Таң атпай көше сыпырып, саябақ ішін тазалап жүрген Мұрат есімді жігітпен тілдестік. «Мен мүмкіндігі шектеулі адаммын. Соған қарамастан қоғамдық жұмысқа тұрып, осында жұмыс істеп жүрмін. Таңертең келсең саябақ іші шашылып жатады. Не жоқ дейсің? Тәттінің қағазы, тәтті сусындардың құтысы, темекі тұқылы, шемішке мен жаңғақ қабықтары. Әрине, бұл көпшілік орын. Ел кешкісін осында келіп демалады. Бірақ, тазалыққа көп мән бере бермейді. Содан кейін, ортақ мүлкіне деген жастарда жанашырлық жоқ. Міндетті түрде бірнәрсені бүлдіріп немесе қиратып кетеді. Көбіне жарық шамдары мен орындықтың ағаштары сынады. Тіпті, тып-тыныш тұрған қоқыс салғыш жәшіктің өзін жерден жұлып алып, төңкеріп, аяқпен теуіп майыстырып тастайды. Жеңіс мерекесі қарсаңында ғана үш-төрт батырлардың есімі жазылған ілме тақтаны жаңартып, орнына қойып еді, енді міне ай өтпей жатып үшеуі қирады. Арасында тас тиген жұлдыздары да бар. Ардагерлердің есімдері жазылған кешендегі ою-өрнектерді де жұлып тастайтындар бар. Не үшін олай жасайтындарын түсінбедім. Бұзықтықтың да шегі бар ғой», – дейді ол.

Еңбек ардагері Нұрғали Бұралқиев саябаққа немерелерімен жиі келіп, серуендеп тұратынын айтты. «Жасым 84-ке келді. Осы саябаққа келсем Ұлы Отан соғысына қатысқан әкеммен сырласып қайтқандай боламын. Мұнда менің әкем мен оның Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған үш бауырының есімдері жазылған. Оның әрқайсысы мен үшін қадірлі. Немерелеріме мынау кісілер сендердің бабаларың деп айтып, насихаттап жүремін. Бірақ, жылда кім істейтінін білмеймін, батырлар тақтасын бүлдіріп кететіндер көбейген бе, өткенде Жеңіс мерекесі күні келгенде бәрі түп-түгел еді. Бүгін келсем үшеуі жоқ. Батыр Баукеңнің алдындағы мәңгілік алаудың бұрышын да бүлдіріп кетіпті. Жастар үшін жасалған жап-жақсы дүниені бүлдіргендеріне ішім ашиды. Осы саябақта көп жүрем ғой. Саябақтың ана басында мекемелер мен аудан әкімдері бір-бір ағаш отырғызыпты. Соның ішінде Тұрар Рысқұлбеков деген ауданды көзім шалып қалды. Тұрар Рысқұловты білуші едім, Тұрар Рысқұлбековын білмейді екенмін. Одан кейін саябақтың ажарын ашып тұрған «Даңқ залының» артында күл-қоқыс деген үйіліп жатыр. Неге оны уақтылы шығармайды. Ондай жерге қаңғыған ит те үйір келеді. Саябақта өріп жүрген ит соған келмегенде қайда барады?», – дейді қария.

Қария айтқандай Тұрар Рысқұлов ауданы тақтасы 2018 жылдың 27 қазанында қойылыпты. Содан бері алты жылдың жүзі болды, не тақта ауыспаған, не талы жайқалып өспеген. Оның бергі жағында ондаған тақта мен қазылған орлар тұр. Ағаш отырғызамыз деп қазылған, бірақ басталған жұмыс аяқсыз қалған. Ол арадағы ағаштардың өсуі де баяу. Отырғызылған күні мен жылына қарасаң жайқалып өсіп, бәйтерек болатындай уақыт болған. Онда отырғызылған ағаштарға қарап, осылай да көзбояушылық жасауға болады екен ғой деп ойлайсың. «Даңқ залы» артындағы күл-қоқыстың жиналып қалғанына да біраз күн болғаны көрініп-ақ тұр. Қасында екі-үш апта бұрын орылып, үйілген шөп әбден қурап, күнге күйіп те кеткен. Төгілген күл-қоқыс созыла-созыла «Даңқ залы» ғимаратына да жететін болыпты. Одан ұшқан күлек қалталар мен пластик құтылар тоғай ішінде шашылып жатыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеттің 3-курс студенті Жалғас Мұрат та жастардың осы бір ісіне қатты қынжылады. «Саябақ жастардың көп жиналатын орны. Дегенмен, жастардың ішінде де әртүрлі адам бар. Біз ойнасақ та айналамызға құрметпен қараймыз. Өйткені, мұнда біздің де ата-бабаларымыздың есімдері кешенге қашап жазылған. Менің төңірегімдегі жастардың бәрі құрметпен қарайды. Ал бұзақы жастарды, әдейі барып бүлдіріп жатқан жастарды өзім көрмедім. Рас, кейде сілтеген доптың кешенге тиіп кетіп жататыны бар. Бірақ мүмкіндігінше тигізбеуге, ашық жерге ойнауға тырысамыз», – дейді ол.

Жалғыз «Жеңіс» саябағы емес, мұндай көріністерді облыстық полиция департаменті іргесіндегі «Желтоқсан», «Қайрат Рысқұлбеков», «Жастар» аллеясы мен саябақтарынан да кездестіруге болады. Олардың қазіргі келбетіне қарап, саябақтар мен аллеяларға қала билігі тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын аңғару қиын емес. Мәселен, «Желтоқсан» аллеясындағы сәндік ағаштар үсікке ұрынып, қурап кеткен. «Жеңіс саябағы» мен «Жастар» саябағындағы гүлзарлар бірнеше жылдан бері мүлде қараусыз қалған. Орындықтары бүлінген. Әрине, бұлар ұсақ-түйек болып көрінгенімен, сырт көзге оғаш көрінеді. Тым болмаса, тірі күнінде ардақтай алмаған ардагерлердің рухына құрметпен қарайық...