Жаңалықтар

Қиын сәтте көмек берді

10 мамыр күні таңғы уақытта «112» пультіне Жуалы ауданының Теріс-Ащыбұлақ ауылы маңында балшыққа батып қалған көлікті шығару үшін көмек сұраған хабарлама келіп түсті.

Жедел түрде «Трэкол» автокөлігімен оқиға орнына шыққан №7 өрт сөндіру бөлімінің екі қызметкері жүкшығырдың көмегімен жол талғамайтын көлікті балшықтан таза жолға сүйреп шығарды. Көлікте болған 3 адам медициналық көмекті қажет етпеді.

Құрметті табиғатта демалушылар! Облыстық төтенше жағдайлар департаменті сіздерден сақтық шараларын сақтауды сұрайды. Бейтаныс жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтап, техниканың кедергісіз өту мүмкіндігіне көз жеткізу қажет екенін ұмытпаңыздар!

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП