Жаңалықтар

Құранды өртеу қасірет

Имандылық – асыл қасиет. Алланың қалауымен түскен төрт кітаптың соңғысы – Құран. Құран кітабы барша Мұсылмандардың Пайғамбары Мұхаммедке түскен. Ол – барша адамзатқа шариғат тұрғысынан бағыт беретін кітап. Дегенмен соңғы жылдары қасиетті Құран кітабын өртеу бірқатар елдерде белең ала бастады. Сонымен қатар дінге деген өшпенділік те қоғамда күрделі мәселенің бірі болып тұр.

Ирактық Салван Момика Швецияда жүріп, Құран Кәрімді өртеген. Бірақ, оның бұл әрекетін аталған елдің азаматтары да, қарапайым тұрғындары да қолдамаған. Швецияның иммиграциялық апелляциялық соты Салван Момиканы Швециядан депортациялау туралы шешім шығарған. Бұл шешіммен келіскен арандатушы Салван Момика Норвегиядан баспана сұрап, аталған мемлекетте тұрғысы келіпті. Бірақ, оның бұл өтініші қабылданбады. Норвегияның иммиграциялық кеңсесі Момиканың баспана сұрау өтінішінің қабылданбағанын, сондықтан оның депортациялау мақсатында ұсталғанын хабарлады. Мәлімдемеде Момиканы Дублиндегі баспана сұрау келісіміне сәйкес Швецияға қайтару туралы шешім қабылданғаны айтылды. Бір байқағанымыз, қасиетті Құранды керек қылмаған арандатушыны өзі тұрғысы келген мемлекеттер де керек қылмай жатыр.

 

Мәліметтерге сүйенсек, Момика кейінірек Швециядағы Ирак елшілігі мен Швеция парламенті алдында Құранды бірнеше рет өртеп, Ирак туын таптап тастағаны да мәлім болды. Стокгольм мешітінің алдында Құранды қайта өртепті. Сол оқиғадан сәл ғана бұрын Стокгольм орталығында Құран мен Палестина туын өртеген еді. Швеция иммиграциялық кеңсесінің баспасөз хатшысы Джеспер Тенгрот бірқатар әлемдік деңгейдегі БАҚ өкілдеріне: «Біз Салван Момиканың тұруға және жұмыс істеуге рұқсат алуға арналған виза өтінішінде тұлғаның жалған мәліметтерін анықтадық, сондықтан оны депортациялау туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ Швецияға бес жылға кіруге тыйым салынды», – деп мәлімдеген. Құранның бір данасын өртеген бұл соңында өзін паналататын жер таппай қалғанын осы ақпараттардан білеміз.

Баршаға бағдар болған қасиетті кітапты өртеушілер мұнымен бітпейді. Ультра оңшыл швед саясаткері және исламға қарсы Stream Kurs («Қатаң курс») партиясының жетекшісі Расмус Палудан Стокгольмдегі түрік елшілігінің алдында, Копенгагендегі мешіттің сыртында Құранды өртеп жіберген. Осы оқиғадан соң, Түркия өз ұстанымын одан әрі қатайтып отыр. Дегенмен Швеция саясаткері Расмус Палудан Құран кітабын үшінші рет өртеді. Бұл жолы ол діни кітапты Ресей елшілігінің алдында өртеп, «акциясын» Шешенстаннан шыққан Швеция спортшысы Хамзат Чимаев пен Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыровқа арнайтынын айтқан.

Әрине, швед саясаткерінің бұл әрекеті мұсылман қауымның наразылығын тудырмай қоймады. 22 қаңтарда Түркияның бірнеше қаласында халық жаппай наразылыққа шықты. Батман қаласында Құран ұрпақ платформасы митинг ұйымдастырып, мыңдаған адам қолдап көшеге шыққан. Көпшілігінің қолында «Құранды мұқият ұста» деген ұран болды. Стокгольмда кезекті акция кезінде шведтік белсенді Джейд Сандберг Құранды өртеді», – деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Оқиға Стокгольмның бір шағын ауданында болған. Джейд Сандберг бұл әрекетін әлеуметтік желіге жүктеп, Құран өртеу «акциясын» алдағы уақытта қайталайтынын жазған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құран кәрім кітабын өртеуді қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясында: «Солтүстік Еуропа елдері азаматтарының Құранды өртеген жауапсыз әрекеттері мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуы тиіс. Мен Құран өртеген азаматтарды қатаң айыптаймын. Бұл мәселеге қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы да жауап беруі тиіс.

Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды», – деп атап өтті.

Барша адамзатқа бағдар болған Құранды қандай адамның дәті барып өртейтіні белгілі. Қатыгездіктің бұдан үлкен сипаты болмайтын шығар. Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев: «Кез келген шығармашылық немесе ғылыми кітап болсын еңбекпен жазылады. Ол шығармалар да қоғамға керек. Ондай кітап жазған авторларды да біз құрметтеп, еңбектерін биік сөреге қоюымыз қажет. Мұндай сипаттағы кітапты өртеу де дұрыс емес. Ал барша адамзаттың бағдаршамы саналған, Алланың сөзі болған Құран кітапты өртеу деген ақылға қонбайтын ауыр іс. Ол адам бір Құран кітапты өртегенмен, Құран әріптері жойылып кетпейді. Алла өзі жіберген Құран кітапты бір әрпін өзгертпей өзі қорғайтынын айтқан. Сондықтан ондай ниеттегі кісілерге Жаратушы жақсы түсінік берсін дейміз. Көпшілікті ондай бүлдіретін, зиянды жұмыстарға емес, ізгі, иманды іс істеуге шақырғым келеді. Иманды істің артында берекесі бар», – деді. Ал Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов: «Құранды өртеген адамдар туралы пікір айту былай тұрсын, естудің өзі – ауыр. Шет мемлекетте болып болса да жаныңа батады. Біздің қазақ елінің таным-түсінігінде ондай әрекет жоқ деп білемін. Алланың кітабы, Алланың үйі деген өте керемет қой. Осы күні 75 жастағы ақсақалмын. Қайтсек, ұрпаққа үлгі боламыз, қайтсек жақсы қария боламыз деп ұмтылып жүрміз. Сәждеге бас қойып, мешітке барамын. Күнделікті бес уақыт намаз оқыған сайын жүрегім тыныш тауып, жаным рахаттанады. Жұма күні мешітке барғаным, жұма намаздан шыққан әсерім мүлдем бөлек. Осы күнге жеткізгені үшін Аллаға сансыз шүкірлер айтамын. Құран – қасиетіміз бен өсиетіміз. Барша мұсылмандар әлемін біріктіріп тұрған шариғи құжат. Ол – баға жетпес асыл кітабымыз, біздің жақсы өмір сүруіміздің бағдары», – деді.

Дегенмен Жаратушының қаһарына ұшырайтын амалдардан аулақ болғанымыз жөн. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дін бар. Олар да Алла жіберген Құран кітабына сүйенді, бағдар алды. Біздің де жүрер жолымыз – сол. Ақиқаттың жолында адаспай, ізгі жолда жүрсек ұтарымыз көп.

 

Есет ДОСАЛЫ