Жастар кімге еліктейді?
Саналы ұрпақ тәрбиелеу – ұлт үшін үлкен міндет. Әр отбасында өсіп келе жатқан балалардың қай бағытқа бет бұрғанын, олардың кімге еліктейтінін, қандай адамдарға қарап бой түзейтінін байқау қиын емес. Әрине, жастардың жақсылардан үлгі алу жолына ешкім бөгет бола алмайды. Бірақ, өзгелердің тентегінен теріс тәрбие алса қайтпекпіз?
Кеңестік кезеңдерде «Өскенде ғарышкер боламын» дейтіндердің дені өз ұлтына адал қызмет етті. Ұшқыш болмаса да көбі тұлға ретінде қалыптаса білді. Бұрындары қараңғы түнде адасқандар аспандағы жеті қарақшы жұлдызына қарап барар бағытын анықтайтын. Сол секілді қазіргі ұрпақ та өз ұлтымыздың ұлы тұлғаларынан бағдар алып, соларға еліктесе екен дейміз. Алайда, кейбір жеткіншектердің рең-басына зер салсақ, түрлерін кәріс киноларындағы кейіпкерлерге ұқсатқысы келетін сияқты. Шаш үлгісі де, киім киісі де солардан аумайды. Фильмдегі жаны нәзік, буыны бос, есерсоқ байдың балаларына қыздары да ғашық бола қалады. Басты рөлдегі қыз бен жіптіктей жігіттердің жүріс-тұрысы біздің жастарға қызық көрінетін шығар.
Сонау жаугершілік замандарда 13 жасында атқа қонған батыр бабаларымыз бала кезінде ағаш атқа мініп, ағаш қылышпен ойнады. Сол кездегі ойын баласының өзінде «Өскенде батыр боламын» деген мақсат тұрды. Ал, шетелдің қаңсығын таңсық тұтқан еркелеріміздің ертеңі не болмақ? Олардың ғылымы мен білімін үйренсе, әңгіме басқа. Әсіресе, мектеп жасындағылардың о сындайларға еліктеп ұлттық болмысын жоғалтуы аса қауіпті.
– Шет жаққа еліктейтіндер жетіп жатыр. Жат жұрттықтардың жақсы жағын үйренсе қуанамыз. Бірақ, жаман жағын үлгі тұтатындар да табылады. Кейінгі кезде пайда болған ЛГБТ құрамында да қазақ жастары бар. Соның бәрі сырттың тәрбиесі. Ал, ұлттың тәрбие сі, ұлттық идеология дұрыс болса, жастар мұндай жолға түспес еді. Өскелең ұрпақ отбасындағы ата-анадан жақсы өнеге алуы керек. Содан соң бірге өскен ортасымен өсіп, жетіледі. Баланың күнделікті көрген, түйген ақпараттары санасына көп әсер етеді. Бүгінде жаманды-жақсылы дүниелер ғаламторда жетіпартылады. Тек, солардың оң бағыттағы өнімдерін қабылдай білсе екен дейміз, – дейді бұл мәселеде психолог Мақпал Исмаилова.
Ал, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Сейсекүл Исматова: «Жалпы, жастарға топырақ шашпаймыз. Өзім өмір бойы шәкірт тәрбиеледім. Біздің білім ордамызда оқыған студенттердің барлығы дерлік мықты азамат болып қалыптасты. Бүгінгі жас жеткіншектерді құртып жатқан – ұялы телефон. Соның ішіндегі небір жағымсыз нәрселерді көріп, теріс бағытта тәрбие алады», – дейді Сейсекүл Молдабекқызы.
Иә, расында, бүгінде баламыз жыласа қолына смартфон беріп жұбататын жағдайға жеттік. Бесіктен белі шықпай-ақ үйде т аңнан кешке дейін телефонға үңілетін ұрпақ өсіп келеді. Олардың ішкі руханияты немен қоректенетінінде біразымыздың шаруамыз жоқ.
Тақырып төңірегінде Тараз тұрғындарымен де сөйлесіп көрдік. Нұржан Телтаев есімді тараздық тұрғын бүгінгі ұрпақ бізден емес, теледидар мен телефоннан тәрбие алатынын жеткізді.
– Расында, барлық кінә өзімізден. Сәбиіміз сәл жыласа болды оны смартфонмен алдаусыратамыз. Телефонға алданған бала ата- анасынан дұрыс тәрбие алады деп айта алмаймын. Ертеде аналарымыз жылаған жеткіншекті ертегі айтып ұйықтатушы еді. Енді ол кездегі ертегілер қазіргі еркетайларымызға қызық емес болып қалды. Олардың жұбанышы желідегі жеңілтек дүниелер,–дейді Нұржан Қырғызұлы.
Сондай-ақ, ол бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін және жастардың буыны қатаймай тұрып дұрыс бағытқа салмаса кейін жөнге салу қиындық тудыратынын жеткізді.
– Үйдегі тәй-тәй басқан немерем тілі келмесе де былдырлап телефоныма жармасады. Құдай с ақт асын, бұлардың көретін ғаламтордағы видеоларына назар салып едім, өзім шошып кеттім. Ішіндегі ертегісымақтары қан жоса оқиғалардан құрылған. Кішкентай кейіпкерлері бір-бірін өлтіріп жатыр. Бұны көріп өскен бала психологиясы не болады?–деді тағы бір тараздық тұрғын Кенжебике Әріпқызы.
«Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақтың мақалы бекер айтылмаған. Қазір ұяда емес, ұялы телефонда нені көрсе, бала қиялы солай дамиды. Сол қиялымен бөгде біреулерге еліктеуі де оны ұлттық болмысынан айырады. Ал, болмысын анайырылған ұрпақтың жатқа айналып, жағаңа жармаспасына кім кепіл?..
Нұржан ӘЛІШ