Аймақ

Абыройы асқан ақын

Қазақтың соңғы сал-серісі, ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл – 140 жыл. Бір бойына бірнеше өнер тұнған тұлға сол кездегі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ елді мекенінде туылып, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы сол кезде Киров колхозы аталған қазіргі Кенен ауылында дүниеден өтті. 92 жасында мәңгілік сапарға аттанған ақынның өмір сүрген ауылына есімі берілген, тұрған үйінің маңынан мұражайы ашылған.

Ауыл тұрғындары «Кенен атамыздың өзі өмірден өтсе де, шарапатын ауылы көріп жүр. Ауылымызға көптеген игі істер жасалып, заман талабына лайық тұрмыс кешудеміз» дейді. Мұражайының айналасы жасыл желекке көмкерілген. Аумағы 4,7 гектарды алып жатқан саябаққа жеміс ағаштары, шырша, қарағай, аққайың егілген. Ал мұражайында ақынның қос немересі тарихи деректерді, көнеден қалған жәдігерлерді сақтап, кейінгі ұрпаққа танытуда қызмет етіп жүр.

– Атамның мұражайында қызмет еткеніме он жылдан асты. Осындағы еңбегімді ғылыми қызметкерден бастаған едім, қазір әдіскермін. Атамыздың мұражайында өз ұрпақтарының қызмет еткенінің ұтымдылығы – көзіміз көргенді айтып, өзі ұстаған заттарын табуға, оларды күтіп-баптауға жанашырлықпен қарап, барымызды саламыз. Бұл мұражай Үкіметтің қаулысымен 1981 жылы ашылған. Сол кездері әкем Көркемжан осы жердің алғашқы директоры болды. Осындағы барлық экспонаттарды өзі жинап, үйдегі атамыз ұстаған заттарды және сол кісіге тие сілі бұйымдардың бәрін о сында алып келген. Содан бергі жылдарда да жәдігерлер қатары толықтырылып келеді. Қорымыздың өзі 3700-ден асты. Ел ішінде Алатаудың ақиығы деген даңқы бар атамыз туралы белгілі тұлғалар түрлі пікір айтып кеткен. Мысалы, Дінмұхамед Қонаев бір сөзінде «Кенен Әзірбаев – өмірде де, өнерде де қайталана бермейтін құбылыс» дегені бар. Кенен атамыздың өнерімен танылуына бастамашы болған алғашқы өлеңі «Бозторғайды» қой бағып жүріп, кішкентай домбырасымен шырқағаны қазақ даласына тарады. Сол ауылға Балуан Шолақ келгенде «Осы жақтағы бір баланың өлеңі көп таралып жатыр, сол баланы көруге бола ма?» деп, ауылдың болысы Еркебай деген кісі әнші балаға шапан кигізіп, алдына алдырған екен. Әнін тыңдап, батасын беріп, жарты жылдай өзімен ертіп жүріпті. Міне, Кенен атамыздың өнер өлкесінде танылуы осыдан басталыпты, – деді Мұрат Көркемжанұлы.

Осы ауылда тұрғанында Кенен атаның көзін көрген кісілердің бірі – Марат Оспанов та ақын бала күнінде жалғыз ешкісін сауып ішкен кедей болса да жігерлі, мал бағып жүріп даланы әнге тербеткен өнерпаз болғанын бізге әңгімеледі.

– Сол жылдары қырғыз манабы Шәбденнің асы боларда біздің елге де «Жүйрік тұлпарларыңды, суырыпсалма ақындарыңды дайындаңдар» деген хабар жетеді. Сонда осы өңірдің оқыған азаматы Еркебай Базарұлы деген сыйлы кісі бала Кененді ертіп барып, айтысқа қосады. Көптің ортасына шыққан бала Кенен «Оооооу....» деп бастап келе жатады да, дауысы шықпай қалады. Тағы қайталайды, бірақ дауысы шықпай қала береді. Үшінші рет бастай бергенінде әлгі Еркебай «Құдай ұрып отыр ма сені?!» деп қамшысымен арқасынан тартып қалғанда, дауысы арқырап, түйдек- түйдек сөздер бұрқырап шыққан екен. Сол айтыстың бас ақыны Жамбыл Жабаев болыпты, Кененнің өнеріне тәнті болған ол кемер белдік беріпті. Соны Кенен өле- өлгенше тағып өтті, қазір мұражайында тұр. Кенен атамыз осы ауылда тұрғанында мен он жастағы баламын. Көзін көрдік, өнегелі өсиетін тыңдап өстік. Кейін 1992 жылы Киров колхозы атанған осы ауылға басшы болдым. 1994 жылы колхоздың шаруасы алға баспай, банкротқа түсіп, таратылды. Колхоздың атын қазақшалап, «Қазақстан» деп атадық. 1995 әлде 1996 жылы ауыл ақсақалдарымен бірлесіп, атын өзгертеміз дедік. Ауданның әкімі Құрманғали Уәлиев деген кісі еді, алдына барып, ауылдың атын өзгертетінімізді айтып, халықтың қолын қойғызып, «Кенен» деп жаңа ат бердік. «Кенен» өндірістік кооперативі құрылды. Кейін де өндіріс алға баспады, 1998 жылы кооперативтің бар мүлкін толықтай таратып жібердік. Кейін әркім өз жеке шаруашылықтарын құрып алды. Ал, Кенен атаның тұрған үйін кейін немерелері музей етіп, жанынан жаңа үй салып, қазір Көркемжан деген ұлының балалары сонда тұрып жатыр. Атамыз дүние салғаннан соң жерленген жеріне 100 жылдығының қарсаңында зәулім мұражай салынып, айналасына түрлі ағаштар отырғызылып, үлкен саябаққа айналды, – дейді Кенен ауылының ақсақалы Марат Ермекұлы.

Тұлғаның көзін көрген ауыл ақсақалдарының бірі – Мергенбай Құттымбетов жырауға Сәбит Мұқановтың септігімен үкімет үй салып бергенін айтты.

– Осы ауылға 1957 жылы Отардан қоныс аударып келді. 1958 жылы менің атам дүниеден өткенде, Кенен ата еңсесін әзер көтеріп жүрген науқас еді. Үйге атамды жоқтап келгенінде екі жағынан екі кісі сүйеп келген еді. «Оооу, той болсын, арты той болсын!» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. 1959 жылы ауруынан айығып, атқа мініп, елді аралап жүрді. Бақытжан Әзірбаевтың «Адам болу оңай ма?» деген кітабында осы кісі туралы кеңінен жазылады. Сонда ол Кененнің науқастанғанын Ақан сері, Біржан салдың сырқатына ұқсатады, яғни өнерпаз жанды қартая келе құсалық билейтінін айтады. 60 жасында «мерейтойы тойланады» деп, ол өтпей қалды. Кейін 75 жылдығының қарсаңында толықтай жазылып, жағдайы жақсарды.

«Бағалады партия алып еске,

Қос орденді қадады кәрі төске.

Ардақты елді аралап, ән сап жүріп,

Келгенімді білмеппін жетпіс беске», – деген әнін осы кезде айтқан.

Ол кісіні кішкентайымнан көп көрдім, аталас туысқан едік. Үйге келіп тұратын. Сырттан қарасы көрінгеннен апам «Атаңды түсіріп ал» дейтін, алдынан жүгіріп шығып, аттың тізгінінен ұстап түсіріп, атын байлаймыз. Сондайда «Құдай көтерсін, қарағым, бақытты бол!» деп алғысын жаудыратын. Үйге кірген соң қолына су құямыз, қолынан құлақ та жедік. Өзі сұңғақ бойлы, көрікті кісі болатын. Үнемі басына бөрік, үстіне шапан киіп жүретін, – деді Мергенбай Қарқабатұлы.

Мергенбай Құттымбетовтың айтуынша, ауылға алғаш мектеп салынғанда әкесі Қарқабат Құттымбет директоры болып, басқарған екен. Сол мектепте қазір 500- ге жуық бала білім алады. Бүгінде бұл ауылда 4 мыңнан аса халық тұрады. Ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенсек, бұрын ескі клуб болыпты. Артистер келіп, концерт ұйымдастырылса, кино көрсетілсе, халық сыймай, сыртта тұрған көрінеді. Кейін «Кенендей ақын, сазгер, әнші тұрған ауылда еңселі Мәдениет үйінің болмауы сын» деп, 320 орындық Мәдениет үйі салынып, 1973 жылы ашылып, пайдалануға беріліпті. Ол кезде ондай Мәдениет үйі миллионер колхозда ғана болған екен. Кейін Кеңес өкіметі тарағанда, ол да қаңырап қалады, әбден тозығы жетіп, төбесі түсіп, құлайды. Кенен атаның 125 жылдығында қираған Мәдениет үйі қайта қалпына келтіріліп, сонда мерейтойы кең көлемде аталып өткен. Сол Мәдениет үйі қазір де ауыл тұрғындарына қызмет етіп тұр. Осы ауылдың тумасы Диханбай Бекбосынның ұлы Алмас қазақ ұлтынан шыққан ерлер арасындағы тұңғыш кәсіби балет бишісі атанып, аталған Мәдениет үйінде өнерпаз туралы дерек үлкен көлемде қойылыпты. Ал, мұражай директоры Алмабек Жаманкөзов ақын туралы деректі білгісі келетін қонақтар қатары аз еместігін жеткізді.

Ауылдан аттанарда бізбен қоштасқан тұрғындар «Атамыздың шарапатын әлі де көріп келеміз» деп мақтанышпен марқая айтты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Қордай ауданы