Көпбалалы боксшы
Әйелдер арасында бокстан жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген былғары қолғап шеберлері аз емес. Соның бірі – жерлесіміз, бес баланың анасы Әйгерім Сәттібаева. Жуырда Әйгерім бокстан Астанада өткен «Elorda Cup» турнирінде облыс намысын қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрініп, үшінші орынды жеңіп алды. Оның бапкері әрі секунданты, ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамада өнер көрсетіп, әлем чемпионаттары мен Олимпиадада бақ сынаған – Олжас Сәттібаев. Олжас сол шаршы алаңда әйелі Әйгерімге секундант болып, ринг шетінде нұсқау беріп отырды. Ерлі-зайыптылардың бұл әрекетін жанкүйерлер жылы қабылдап, әлеуметтік желіде сүйіспеншіліктерін білдірген еді.
Әйгерім Сәттібаева – бокстан әйелдер құрамасы енді жасақталған тұста ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың бірі. Ол Вадим Присяжнюк жаттықтырған бас команданың алғашқы буыны ретінде өнер көрсетті. Әлемде әйелдер боксы әлі таныла қоймаған кезде Әйгерім мен оның командаластары Саида Хасенова, Нұргүл мен Наргүл Әбутәліпова, Екатерина Кольцова, Марина Вольновалар қазақ қыздарының да жұдырықтаса алатынын дәлелдеу үшін алға ұмтылған болатын. Бүгінде аты аталған спортшылардың басым бөлігі үлкен спорттан әлдеқашан қол үзіп қалды. Ал Әйгерім болса – аналық, келіндік өмірдің қиындығына жұтылып кетпей, жұбайының да жолын тосып, жасы отыздан асса да, ел мықтыларымен тайталасып жүр.
– Менің туған жерім – Шымкент қаласы. Тараз қаласына 5-сынып оқып жүрген кезімізде көшіп келдік. Сөйтіп, Тараз қаласында спорт секцияларына қатысып, алғаш спорттық бимен, одан кейін дзюдомен айналыстым. Осыдан кейін әкем мені бокс секциясына берді. 2004 жылы Бақтияр Артаев Афинада Олимпиада чемпионы болған тұста менің де боксқа деген қызығушылығым арта түсті. Шынын айтсам, Бақтияр ағамыздың осы жеңісі менің өз таңдауымды жасауға әсерін тигізді. Сөйтіп, мен де еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіретуді армандадым. Бірақ ол тұста әйелдер боксы әлі дами қоймаған еді. Сондықтан болар, қыз балаларын көп бапкерлер жаттықтырудан қашатын. Өзімнің әкем де бокс маманы. Сол кісі Ерік Алғабек атты жаттықтырушыға табыстады. Сол залда жүріп, болашақ жарым Олжаспен таныстым. Ол кадеттер арасында әлем чемпионы атанып, болашағының зор екенін көрсетіп үлгерген кезі. Әйелдер боксынан Қазақстанның тұңғыш чемпионатына жасым жетпегендіктен, қатыса алмадым. 14 жасымда Көкшетауда өткен жасөспірімдер чемпионатында жеңіске жетіп, бір айдан соң Вадим Присяжнюк мені ересектер арасындағы жаттығу жиынына шақырды. Оған менің техникам қатты ұнаған екен. Алғашқы жиында бапкерлердің көзіне түсіп, ұлттық құрамаға қабылдандым. Көп ұзамай, ересектер арасында да топ жардым. Осылайша, халықаралық жарыстарға қатыса бастадық. Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. 2012 жылы Лондон Олимпиадасының бағдарламасына әйелдер боксы енгендіктен, сол сынға мақсатты түрде дайындалып жүргенмін. Кейін жазғы ойындар басталмай тұрып, 19 жасымда тұрмысқа шығып кеттім. Осылайша, келіндік өмірге қадам басып, тұңғышымды өмірге әкеліп, бокстан қол үзіп қалдым, – дейді Әйгерім.
Қалай дегенмен, бала кезден спортқа өз қалауымен келген Әйгерімді шаршы алаң үнемі тартып тұратын. Ол алғашқы екі баласын босанған соң, спортқа қайтадан оралған еді.
«Менің бокспен айналысуыма жұбайым да, ата-енем де қарсы болған жоқ. Ең бастысы – ата- енем мен жұбайымның қолдауы мені сүйікті кәсібіме қайта оралуыма себепші болды. Екі баланы босанғаннан кейін былғары қолғапты қайта кидім. Ал үйде балаларыма енем қарады. Сол үшін де ата-енеме деген құрметім ерек. Үш жыл бойы шаршы алаңға шығып, жұдырықтасып жүрдім. Жолым, әрине, онша бола қоймады. Енді ғана қалпыма келген тұста жұбайым Олжас Рио Олимпиадасына жолдама алды. Бұл 2015 жыл еді. Ол Олимпиадаға алаңсыз дайындалуы үшін уақытша боксты тоқтаттым. Жолдасым да артына қарайламауы үшін менің спортты қоя тұруымды өтінді. Рио Олимпиадасында Олжастың жеңісін бермей қойды. Бұл оған да, бізге де соққы болды. Жолдасымның спорттан көңілі қалған кездерін де өткердік, жасырмаймын. 2016, 2018 және 2019 жылдары тағы үш рет сәбилі болып, Олжас та, мен де үлкен спорттағы мансабымыз аяқталғанына иландық. О л жұмысқа кірді, мен әкеммен бірге қыздарды жаттықтыра бастадым. Себебі, әйелдер боксынан біздің облыстың нәтижесі төмендеп кетіпті. Шыны керек, ойымды қанша жерден басқа арнаға бөлсем де, бокстан ерте қол үзгенім маза бермейтін. Бастаған ісімді аяқсыз қалдырғандай, үлкен спорттағы не сібемді толық алмағандай сезімде жүрдім. Сол кезде жаттығу жиынына барайын, өз күшімді тағы бір сынап көрейін деген ойымды жұбайым қолдады. Сөйтіп, Олжастың өзі жаттықтыра бастады. Екі жыл бұрын халықаралық жаттығу жиыны өтіп, ү ш спаррингтік кездесу өткіздім. Сол кезде аға бапкерлердің жылы сөзін естіп, қанаттанып кеткенім рас. Олар менің әлі де бабымды жоғалта қоймағанымды айтып, жігерлендіріп жіберді. Ел чемпионатында екі жекпе- жек өткізіп, үшінші айналымда 48 килограмм үздігі Алуа Балқыбековаға жол бердім. Алуамен әпкелі-сіңлілі жандардай араласамыз. Ол да менің жақсы жұдырықтасқанымды айтып, дем беріп кетті. Осылайша, бокстағы жолым қайта жалғасты. Ел спартакиадасында және Испаниядағы халықаралық турнирде күміс иелендім», – дейді Әйгерім Сәттібаева.
Олжас пен Әйгерімнің арақатынасы алғашында достықтан басталып, кейін махаббатпен жалғасты. Өйткені, екеуі бір залда жаттығып, бір залда өскен.
«Шыны керек, мен бастапқыда жұбайым Олжасты ағамдай көретінмін. Ол Ливерпульден кадеттер арасындағы әлем чемпионы болып оралғанда, оның жеңісіне қатты қуандым. Соның қимылдарын қайталап, ол жүгірсе, бірге жүгіретінмін. Олжас сол кездерде-ақ ақыл- кеңесін айтып, маған көп нәрсе үйретіп отыратын. Осылайша, достығымыз махаббатқа жалғасты. Үйленіп, отбасылы болдық. Алғашында келіндік міндеттерді атқару да оңай болмады. Себебі, боксшы болған соң, үй шаруасына шорқақтау едім. Үнемі сыртта жүрдім. Ал мен баламен үйде отырғанда Олжастың бар уақыты жиында өтетін. Тек 3-4 күнге келіп кетеді. Осындай сәттерде ата-енемнің қолдауы көмектесті. Енем бәрін үйретіп, тәрбиеледі. Өте қазақы отбасыға түстім, ал өзім орысшалау едім. Тамақ пісіру, қамыр жаю сияқты үй тірлігін енем бастан-аяқ үйретті. Қазақтың салт- дәстүрлерін де сол кісілер арқылы таныдым. Алғашында қайын атам екі боксшының қосылғаны қалай болар екен деп алаңдаса керек. Кейін бір-бірін түсінетін жандардың біріккеніне қатты қуанған. Өйткені, мен Олжастың спорттық мансабында барынша қолдау көрсеттім», – дейді боксшы Әйгерім.
Төккен тер, ата-енемен жұбайының сенімі оны әр жеңіс сайын жігерлендіре түсті. Әйгерім өз қойған мақсатына жету үшін күн-түн дайындалды. Міне, бүгінде ол ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшысы. Әйгерім өзінің үлкен спорттағы жеңісіне түбі қол жеткізеріне сенеді.
– Үйде бала тербетіп отырсам да, үй шаруасымен айналысып жүрсем де, бокс десе, жүрегім елең ететін. Теледидардан көріп қалсам, бар тірлігімді ұмытатынмын. Жұбайым Олжасқа да «боксты ерте тастадым, әлі де көру керек еді» деп жиі айтып жүрдім. Олжас та менің рингті аңсап жүргенімді түсініп, қайтадан жаттықтыра бастады. Оның қолдауына алғысым шексіз. Біздің спорттағы ғұмырымыз ұзақ емес қой. Сол бір қысқа аралықта көп нәрсеге жетіп үлгеру керек. Кейін өмірлік өкініш қалмау үшін, тәуекел етіп, тағы да бақ сынап көру қажет деп ойладым. Осы ойымды жүзеге асырып жүрмін, міне... Тұрмысқа кештеу шығу керек пе еді деп ойлағаным да рас. Алайда, ештеңеге өкінбеймін. Қайтадан боксқа оралып, өз арманыма жетуге талпынып жатырмын, – дейді Әйгерім.
Марат ҚҰЛИБАЕВ