Аймақ

Жер телімі тұрғындар игілігіне беріледі

Облыста жер кезегіне тұрғандар қатары артып келеді. Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекке тұрған азаматтар саны 250 мың 700 адамды құрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы жер есебі бөлімінің басшысы Ботагөз Боранқұлова айтты.

Бөлім басшысының сөзінше, 2005 жылдан бері жалпы 40828 жер телімдері берілген. Ал, биыл 2900 жер телімін беру жоспарлануда. Сондай-ақ, заң шеңберінде үш жыл мерзімінде құрылыс жұмыстары жүргізілмеген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару ісі жалғасуда.

– Тараз қаласы аумағына енген Элеватор, Қарасай, Қамуқат алаптарында тұрғын үйлерді орналастыру мақсатында 17 шаруа қожалығын жүргізу үшін арналған жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару үшін арнайы жұмыстар жүргізілуде. Оған басты себеп, жер учаскесінің мерзімі өтуіне және оны тиісті мақсатта дер кезінде игерілмеуі болып отыр. Заң аясында жер телімі алынған сәттен бастап, үш жыл мерзімде нысан аумағында құрылыс жұмыстары іске асуы қажет. Күні бүгінге дейін осы талапты орындамаған тұрғындардан 236 жер телімі қайтарылды, – деді бөлім басшысы.

Қазіргі таңда облыстың жер қоры тұрғындар санына шаққанда 13,5 гектарды құрайды. Десе де, бүгінде халықтың едәуір бөлігі заңмен белгіленген бір жолғы тегін берілуі тиіс 10 сотық жер телімін ала алмайтындығын айтып, шағымдануда. Маманның айтуынша, бұған заң талаптарының өзгергендігі себеп болуда.

– Осы сұрақпен басқармаға келушілер немесе осы сұрақты түрлі деңгейдегі жиында қоюшылар саны өте көп. Бұл орайда, мәселенің мәнісі жердің жетпеуінде емес, заңға енгізілген өзгерістерге байланысты. Біріншіден, құрылыс жүргізуге жер учаскесін беру үшін елді мекенді дамытудың бас жоспары және жоспарға сәйкес құрылыс жүргізудің егжей-тегжейлі жоспары болуы шарт. Екіншіден, құрылыс жүргізуге бөлінген алаңдарға алдымен инженерлік инфрақұрылым желілері – газ, су, электр жарығы тартылуы керек. Ал, аталған мәселелерді шешу көп уақытты және бюджеттен қомақты қаржы көзін бөлуді талап ететіндігі рас. Осы мәселені халыққа дұрыс жеткізіп, түсіндіре білуіміз қажет, – деді Ботагөз Қуатбайқызы.

Бұдан бөлек, жиында аудандардың қай елді мекендерінде жер телімі берілетіндігі де сөз болды. Бұл мақсатта биыл бюджет қаражаты есебінен 67 инженерлік нысан құрылысына 6,8 миллиард қаражат қарастырылған.

 

Нұрболат АМАНБЕК