Төтенше жағдайларды жою бойынша оқу-жаттығу
Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, жер сілкінісінің салдарын жою үшін азаматтық қорғау күштері мен құралдарын даярлау мақсатында Тараз қаласында «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында «Жер-2024» жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайларды жою бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығуына жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдары, облыстың азаматтық қорғау қызметтері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері, полиция департаменті, сондай-ақ «Қызыл Жарты Ай» Ұлттық қоғамының өкілдері қатысты. Аталған іс-шара екі кезеңді қамтып, бірінші кезеңде Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығынан жойқын жер сілкінісі қаупі бойынша ақпараттары алынды. Ал, екінші кезеңде – оқу-жаттығу барысында қабылданған шешімдердің негізінде департаменттің жедел топтары, жергілікті атқарушы органдар мен орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері жағдайды барлау және бағалау жүргізді.
– Аталған іс-шара республиканың барлық сейсмикалық өңірлерінде өткізілуде. Бұл төтенше жағдайлар орын алған сәтте жойқын жер сілкінісінің салдарының алдын алатын барлық санаттағы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттырып, ден қою жоспарларын, күштер мен құралдарды басқару алгоритмін пысықтауды, халықты жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл ережелерін оқытуға бағытталған. Оқу-жаттығуға барлығы 102 адам, 15 техника жұмылдырылып, болжам негізінде штаб халықты хабардар ету, жер сілкінісінің салдарын жоюға байланысты жұмыстардың тәртібі, көлемі, қойылған міндеттерді орындау үшін бөлінетін күштердің саны мен құрамы туралы шешім қабылданды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков.
Бұдан бөлек, оқу-жаттығу құтқару бөлімшелері өрт ошақтарын жойып, үйінділерді бөлшектеді. Сондай-ақ, кинологиялық есептеулер үйінділерден зардап шеккендерді іздеу мәселелерін пысықтады. Оларға дәрігерге дейінгі көмек көрсетті және зардап шеккендерді келген жедел медициналық жәрдем бригадаларына тапсырып, байланыс желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы облысымыздан бөлек, еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында өткізілуде.
Нұрболат АМАНБЕК