Жаңалықтар

Балаларды қорғау күніне орай кинозал ашылды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Балаларды қорғау күніне орай пайдалануға берілген «Digital Bridge» кинозалының ашылу салтанатына қатысты. Жаңа кинозал «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығының базасында құрылған.

Аймақ басшысы әуелі орталық шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары қойылған көрмені тамашалады. Балақайлар өздері әзірлеген қолөнер бұйымдары мен дәмдерін таныстырып, қонақтардың жоғары бағасын алды. Ал, түрлі аспапта ән мен күйден шашу шашқан дарынды балалар қошеметке бөленді.

Ербол Қарашөкеев орталық тәрбиеленушісі Есімжан Шәбденмен бірге кинозалдың лентасын қиып, кабинеттерді аралап көрді.

Мұнда балалар бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі мультфильм мен киноөнімдерді тамашалай алады. Ең бастысы, IT саласындағы қабілеттерін арттырып, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен танысады.

Орталықтағы іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Аймақ басшысы балалармен қосыла ән шырқап, олардың көңіл-күйін көтерді. Ербол Қарашөкеев мекеменің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға қатысып, жамбылдық барша балаларды айтулы күнмен құттықтады.

Ербол Қарашөкеев орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, балалармен әңгіме өрбітті. Бұл күні жас қылқалам шеберлері мен өнертапқыштардың еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Балалар өнерін ортаға салып, кештің ажарын ашты.

Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы құрылған. Білім беру нысаны балаларды оқу-сауықтыру шараларымен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.

Айта кетейік, биыл жаз мезгілінде 192 699 мектеп оқушысын (87,6 пайыз) сауықтыру және түрлі демалыс шараларымен қамту қарастырылуда. Оның ішінде, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Бұдан бөлек, ауыл мектептерінің оқу үздіктері, республикалық, облыстық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары да жазғы демалысын тиімді өткізеді.

Сондай-ақ, 23 мыңнан аса бала тарихи-мәдени нысандарға экскурсия жасайды деп жоспарланып отыр.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.