Агроқұрылым басшыларымен кездесті
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы бірқатар агроқұрылым-шаруа қожалық басшыларымен еркін форматта кездесу өткізді.
Жиында шаруалар саладағы бірқатар мәселелерді баяндап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Басқосу барысында суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын кеңінен пайдалану, асыл тұқымды мал санын арттыру мәселелері, сондай-ақ өнімдерді қайта өңдеу бағытында жобаларды іске асыру барысы талқыланды.
Ербол Қарашөкеев облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары екенін баса айтты.
Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. 317,7 мың гектарға жаздық дақылдар егілді.
Ағымдағы жылы өздігінен жүретін 491 ауыл шаруашылығы техникасын алу көзделген. Қазіргі таңда 197 трактор, 4 комбайн сатып алынды.
Су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын алқап көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылды. 47 мың гектарға дейін жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін енгізу жоспарлануда.
– Облыстың статистикалық мәліметтері қайта нақтыланып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Зерделеудің алғашқы нәтижелері бойынша ауыл шаруашылығы саласының деректерінде сәйкессіздіктер анықталды.
Санақ жүргізу арқылы мал басының есебі шығарылды.
Жалпы, нақты мәліметтер болмаса, алға қадам баса алмасымыз анық. Сондықтан санға емес, сапаға көңіл бөліп, шынайы статистиканы қалыптастыру маңызды, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев агроқұрылым басшыларына Президент тапсырмасына сәйкес, әкімдік жанынан облыстық Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатынын жеткізді. Аталған кеңес ғылым мен бизнес арасындағы дәнекерге айналып, жергілікті жерде инновацияның дамуына күш салады. Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға отандық ғалымдардың озық технологияларын енгізу жоспарлануда.
Кездесу барысында бірқатар шаруа қожалық, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары мен қайта өңдеу саласындағы агроқұрылым өкілдері салаға қатысты мәселелерге тоқталып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, олар шаруаларды сақтандыру жүйесімен қамту, мемлекеттік қолдау шараларының механизмдерін жеңілдету және өнімдерді өткізу мәселесіне қатысты сауалдарын қойды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету, жоғары өнімділікке қол жеткізу, тұқым сапасын арттыру бойынша да пікірлерін білдірді.
Ербол Қарашөкеев агроқұрылым басшыларын ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі түлету үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Әкімдік кез келген шаруамен кері байланыс орнатып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге мүдделі.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық көтерілген мәселелерді назарға алып, жауаптыларға жүйелі жұмыс жүргізу бойынша нақты міндеттерді тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.