Өңірдің өндірістік әлеуеті артады
Өңірге инвестиция тарту жұмысы кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Парламент Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелерімен кездесті. Депутаттар өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша облысқа сапары аясында осы мәселеге баса назар аударды.
Жиында облыс әкімі өңірдің инвестиция тарту ісіндегі оң динамикаға ие екендігін атап өтіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, жыл басынан бері өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 23 пайызға артқан.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жиында шағын және орта кәсіпкерлікке тартылған инвестиция жайын сөз етті. Бүгінде өңірде аталған санаттағы кәсіпкерлік нысандар саны 11 пайызға артып отыр. Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаттары облысқа жұмыс сапары аясында бірқатар нысандардың жағдайымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен өндірістік дамуы бағытында бірлесе жұмыс атқаратындығын жеткізді.
Кездесу соңында облыс әкімі халық қалаулыларының жұмысына сәттілік тілеп, өңірдің ауыл шаруашылығы, фосфор өндірісі мен жаңа инновациялық технологияларын дамытуға инвестиция тарту бойынша бірлескен нәтижелі жұмыстардың жалғасатындығына сенім білдірді.
Нұрболат АМАНБЕК