Жаңалықтар

Жауаптыларға жұмыс барысын жүйелеуді тапсырды

Облыс әкімдігінде өткен кеңесте «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды. Елімізде оқу орындарының тапшылығын шешіп, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын жаңа құрылыстардың жоспарланған уақытында аяқталуы үшін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс барысын жауаптылардан сұрады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2023-2025 жылдары 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарланғанын айтқан аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы биыл жетеуі пайдалануға берілуі тиіс екенін еске салды. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жайлы мектептерді белгіленген мерзімде аяқтауға жұмысты тежейтін бірқатар мәселелер бар екенін жеткізді.

Жобаларды іске асырудың нормативтік мерзімдерін ескеретін болсақ, бұл жобалардың да 2025 жылдың 1 қыркүйегіне тапсырылмауы ықтимал. Сондықтан «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы конкурстық рәсімдерді жеделдетіп, жобалауды және құрылысты бастату қажет деп есептейміз. 2025 жылы пайдалануға берілетін 5 мектептің жобалаушысының анықталмауы салдарынан, әкімдіктер тарапынан әзірленетін сыртқы инженерлік желілермен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды тежеуде, яғни мектеппен сыртқы инженерлік желілердің қосылу нүктелерін сәйкестендіру қажет. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, 2024 жылы жоспарланған 7 мектепті уақтылы аяқтау үшін Үкіметтің қаулысына сәйкес 9,6 миллиард теңге сомасын, сметалық құны бойынша 9,6 миллиард теңге қымбаттау сомасын республикалық бюджеттен бөлуге, сонымен қатар, 2024 жылға бөлінген 12,5 миллиард теңге сомасындағы республикалық трансферттердің түсуіне ықпал етуіңізді сұраймыз, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы мектеп құрылысына тікелей жауапты «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы құрылыс қарқынын жеделдету қажеттігін де атап айтты.

Ұлттық жоба аясында биыл тапсырылатын 7 мектептің сыртқы инженерлік инфрақұрылым құжаттары әзірленіп, жергілікті бюджеттен 2,1 миллиард теңге қаралып, жұмыстар басталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тамыз айына дейін аяқталмақ. «Битрикс» ақпараттық жүйесіне 12 құрылыс нысаны бойынша деректер енгізіліп, құрылысы жүріп жатқан 7 нысанда 54 бейнекамера орнатылған.

Аталған мәселелердің шешімін табу жолдарын жауаптылармен талқыға салған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының облыс бойынша аймақтық басшысының міндетін атқарушы Мұрат Сейдалиннен мән-жайды сұрады. Бірақ, Мұрат Сатыбалдыұлы қарастырылған қаржы бөлініп, керекті материалдар алынғанын, ешқандай мәселе жоқтығын, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ал, 2025 жылы пайдалануға берілетін 5 мектептің жобалаушысының анықталмауы тек біздің өңірде емес, республика бойынша белгілі болмағанын айтқан Мұрат Сатыбалдыұлы бұл мемлекет тарапынан шешілетін іс екенін жеткізді.

Мердігерлер де әрқайсысы өз нысандарында құрылыс жүргізу барысында кездескен кедергілерді айтып, шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Кеңестің екінші мәселесінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының облыста орындалуы сөз болды. Акция аясында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, жалпы өсім бойынша 210 мыңнан астам өңір тұрғындары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері белсене атсалысқан. Оның ішінде 20 мың ерікті және 5 мыңға жуық кәсіпорындар мен мекемелер қатысқан. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 1,1 миллион шаршы метрді құрайтын 143 саябақ пен сквер аумағы, 816,6 километр каналдар мен арық жүйесі, 109,1 мың аулалар мен 3,1 мың километр көшелер тазартылып, 11,4 мың тонна қоқыс шығарылыпты. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, 49 су бұрқақтары іске қосылған. Бұл жұмыстарға жалпы 892 бірлік техника жұмылдырылды. Ағымдағы жылы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына облыс көлемінде 10,3 миллиард теңге қаралған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА