«Запчасть» АҚ:өнім түрлері көбеймек
«Запчасть» АҚ:өнім түрлері көбеймек
2001 жылы құрылған Қазақстанның даму банкі он үш жылдық қызметінде мемлекетіміздің экономикасына 8,6 миллиард теңге қаражат салыпты. Осылайша ҚДБ инвестициялары есебінен 75 инвестжоба пайдалануға берілген. Банк берген несие көлемінің 60 пайызы мұнай-химия, мұнай өңдеу және металлургия саласындағы жобаларға тиесілі. Олардың көпшілігі Атырау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Дегенмен, жалғыз жобасы болса да біздің облысымыз да осы банк арқылы өзінің бірегей жобаларының бірі – «Запчасть» АҚ жұмысын жандандырып отыр.
Тараздық «Запчасть» АҚ өнімдері тек, ішкі ғана емес, сыртқы нарыққа да бағытталған. Зауыт 2013 жылы қайта жарақтандырылып, іске қосылған. Ал қуаттылығына келер болсақ, жылына 180 000 тонна металл прокатын әзірлеуге қауқарлы. Негізінен, салмағы 2,6 тонна болатын болат дайындама мен пойыз вагондарына арналған тежегіш құрылғы шығаратын зауыт әзірге отандық нарықтан бөлек Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне өнім экспорттауда. Бұл елдер зауыттың «Болат-5» аталатын маркасын тұрақты алып отыр. Соның әсерінен еліміз аумағындағы қара металл сынықтарын қайта өңдеу арқылы оның экспорттық әлеуеті артып келеді. Темір жол көлігі өнімдерін өзіміздің «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ тұтынып келеді.
Бұл зауытты бірегей жоба деуіміз де бекер емес. Өйткені, мұндағы қытайлық қондырғылар болат өндірісін жаңаша әдіспен, яғни металды индукциялық балқыту, болатты үздіксіз құю технологиясымен жүзеге асырады екен. Зауыттың цех басшысы Юсуп Абдулаевтың айтуынша, мұндай әдіс бір жағынан уақытты үнемдесе, екіншіден, өндіріс ауқымдылығы артатын көрінеді. Зауыт директоры Дмитрий Ан жобаны жүзеге асыруда Қазақстан даму банкінен несие аларда «DAMU» кәсіпкерлікті қолдау қоры үлкен демеу білдіріпті. Себебі, осы қордың қолдауы арқылы зауыт аталған банктен 6 пайыздық ставкамен несие алып, ісін дөңгелентіп отыр. Ал облыс басшылығының қолдау білдіруімен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жер мәселесі шешіліп, бұдан өзге де мәселелер оңтайлы шешімін тауыпты. – Шикізат тапшылығы тікелей өндіріске әсер етеді. Сондықтан, біз үшін шикізат үлкен мәселе. Осыған байланысты, біз дайын қара металдан бөлек, жеке адамдардан да металл сынықтарын қабылдап жатырмыз. Алдыңғы жылдары жалақы беру бойынша ушыққан мәселе қазір басылған. Өйткені, өніміміз экспортқа шығып, жұмысымыз біршама жанданды. Болашақта тек қана осы темір жол көлігі, жылу-энергетикалық кешені, тау-кен байыту салаларына ғана арналған өнімдер шығарумен шектеліп қалмай, өнім ассортиментін арттыру бағытындағы жұмыстарды пысықтап жатырмыз, – деген зауыт директоры шамамен екі жылдан кейін металл прокатымен айналысатын жаңа қондырғыларды іске қосатындарын айтып өтті. Ол үшін де қазір екінші деңгейлі банктермен несие мәселесі төңірегіндегі келісімдер жүріп жатыр екен. Егер олар тағы қытайлық құнды қондырғыларды сатып алатын болса, онда зауыт құрылыс саласына да қажетті көптеген металл материалдарды, өзге де көліктердің қосалқы бөлшектерін өндірмек. Әзірге 150-ге тарта жұмысшымен өнім шығарып отырған зауыт болашақта металл прокаты цехын ашатын болса, қосымша екі жүздей жұмыс орнын ашуды да көздеп отыр екен.
Суретті түсірген Виктор Барбаш.