Жас зерттеушілер сынға түсті
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Туған өлкем – ғажап әрі көркем! Туризм табыс көзі» тақырыбында жас зерттеушілер байқауы өтті.
14-17 жас аралығындағы болашақ ғалымдардың басын қосқан іс-шара келешек ұрпақты туған жердің тарихымен, аудан, ауылдардың әлеуетімен таныстырып, өлкенің туристік имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Байқауға өңірдің бес ауданынан қатысқан жас ғалымдар аймақтың туристік нысандары туралы зерттеулер жүргізіп, көпшілік назарына ұсынды.
Байқау материалдарының тақырыпқа сай болуына, жаңа технология арқылы көркемделу ерекшелігіне, презентация дизайнының деңгейіне, тақырыптың жан-жақты ашылуына, бірегейлігі мен ерекшелігіне облыс әкімдігінің туризм басқармасының бас маманы Салтанат Төлекова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бөлім басшысы Айгүл Мейманқұлқызы және Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова баға беріп, пікірлерін білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша Сарысу ауданынан келген Диас Сарсенбай «Тарихы терең, фосфорлы жасыл өлкем!» тақырыбында жобасын жоғары деңгейде қорғап, І орынды иеленсе, Жамбыл ауданынан келген Жанель Үсенбай «Жамбыл облысының туристік-рекреациялық мүмкіншіліктері және өлкетану жұмыстары» жобасын қорғап, ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал, Байзақ ауданының үміті Нұршат Егемберді «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте!» жобасын жоғары деңгейде ұсынып, ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарды олжалады.
Іс-шара соңында «Туған жер – тұнған тарих» кітап көрмесіне шолу жасалып, шағын концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ