Кітапханашылар балдырғандарға қуаныш сыйлады
1950 жылдан бастап 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Атаулы күннің мақсаты – балалардың мәселесіне, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық та бейбіт азаматы болып өсуіне көпшіліктің назарын аударту.
Жас оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс істейтін облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұжымы балалар күніне орай, Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығындағы балғындарға мереке ұйымдастырды.
«Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбымен өткен мерекелік жиында балаларға арналған кітаптардан көрме ұйымдастырылып, кітапханашылар балаларға көркем туындылардың мазмұнын әңгімелеп, таныстырды.
– Біздің кітапханамыз осы орталықта тәрбиеленіп жатқан балаларға корпоративтік тәлімгерлік етеді. Ол «Тәлімгер кемесі» деп аталатын жоба, тұсаукесерін осы орталықта арнайы өткізгенбіз. Осындағы балаларға кітапханамызды және оның қорындағы кітаптарды таныстырғанбыз. Психолог мамандарын ерте келіп, балалармен тренинг өткіздік. Біздің кітапханамыз мәдениет саласына қарасты болғандықтан, осы орталықтың балаларын жоспарға сай мұражайларға саяхаттатып, театрда өтетін қойылымдарға, филармонияның концерттеріне апарып тұрамыз. Мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлай отырып, оларға білім беріп, патриоттық рухтарын көтеру мақсатында тағылымдық ойындарға қатыстырамыз. Кітапханашыларымыз ертегі кейіпкерлерін сомдап, оқыған кітаптары бойынша викториналар өткізіп, бірге ойнайды, билейді, ән шырқайды. Өз ұжымымызбен қоса, бұл мерекеде Тараздың мектептерінен келген біздің жас оқырмандарымыз да өнер көрсетеді. Өз тарапымыздан балаларға сыйлықтар тарту етіп, балмұздақ таратып, базарлықтарымызбен қуантамыз, – дейді облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Аталған кітапхананың оқырмандары арасындағы «Шабыт» би ансамблі мен «Ару» би студиясы және Тараз қаласындағы №62 орта мектептің оқушылары, «Ұста-Групп» серіктестігі Бүркітәлі мектебінің өнерпаздары биден шашу шашып, мейрамды әнмен әрледі. Сиқыршы түрлі таңғажайыптар көрсетіп, балаларды тамсандырды. Қонаққа мультфильм кейіпкерлерінің кейпіндегі аниматорлар келіп, балалармен бірге би билеп, көңілдерін көтерді. Ал, аталған кітапхана ұжымы Алдар көсе, Қаңбақ шал, Ұзынқұлақ және аңдардың кейпімен балаларға «Әріптер сөйлейді» интеллектуалды ойынын ұйымдастырды. Оған белсенді қатысқан балаларды Алғыс хатпен марапаттап, балдырғандардың мерейін өсірді. Кеш соңында барлық балаға сыйлықтар беріліп, балмұздақтар үлестірілді.
Айта кетейік, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында бүгінде 114 бала тұрады. Оларды білім алуымен қатар, түрлі өнерге баулу мақсатында осы орталықта «Stars» сән және сұлулық мектебі, отбасы үлгісіндегі «Қуаныш» және «Балауса» жанұясы, «Адалдық» дүкені, «Тігін және қолөнер шеберханасы», «Бейнелеу өнері», «Коворкинг орталығы» жұмыс істейді. Сонымен қатар, 16 үйірме 3 бағыт бойынша балаларды жан-жақты дамытуға күш салуда. Атап айтсақ, мұнда «Ас-отау» аспаздық, «Сымбат» тігін, «Жібек» және «Радуга» бейнелеу, «Балауса» би, «Компьютер» ақпараттық, «Інжу-маржан» қолөнер, «Прима» театр, «Шахмат», «Үкілі домбыра», «Импровизация» гитара және ән үйірмелері, «Томирис» сұлулық мектебі бар. Орталықтың қыздары «Анаға тағзым» орталығына барып, жан-жақты кәсіби бағдар алып жүр. Ал, ер балалар «Футбол», «Еркін күрес», «Армрестлинг», «Баскетбол» секцияларына қатысады. Нәтижесінде орталықтың балалары халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық жарыстарда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бұдан бөлек, орталықта тағдырдың сынағына төтеп беру үшін тәрбиеленушілерге психологиялық қызмет көрсетіліп, дау-дамайларға душар болса, медиация қызметінің мамандары көмекке келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.