Жаңалықтар

Алақай, жаз келді!

Жаз, әсіресе, балалардың асыға күтетін мезгілі. Оқу жылы аяқталып, алаңсыз ойнап, алыс-жақын ағайынға барып, ауылдағы ата-әженің мейіріміне бөленер шақ та – осы кез. Қауын-қарбыз, жеміс-жидек пісіп, балдырғандардың бал тататын уағы да – осы мезгіл. Ал, балалардың осы мезгілдегі демалыстарын ұтымды ұйымдастыру үшін облыстың педагогикалық ұжымы қандай әзірлік жасап отыр?

Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, биыл қала сыртындағы 7 жазғы сауықтыру лагері бүлдіршіндерді қабылдауға дайын. Оның төртеуі, яғни «Балауса», «Жұрындысай», «Жұлдыз», «Мөлдір бұлақ» мемлекеттік болса, «Болашақ» сенімгерлік, «Берікқара» мен «Тау самалы» жекеменшік сауықтыру лагерьлері. Бәрі де оқушыларды 1 маусымнан бастап қабылдайды. Барлығы 7454 баланы жазғы лагерьмен қамту жоспарланған.

– Қала сыртындағы лагерьлермен қатар, 405 мектеп жанындағы тамақтандырумен ұйымдастырылатын лагерьлерде 36259 бала, 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын көгалдандыру, абаттандыру, экологиялық және тағы басқа топтарда 28 мыңға жуық бала қамтылады. Түрлі бағыттағы экскурсиялармен 23 мың бала, мектептегі және мектептен тыс үйірмелерде 103 мыңнан аса бала және дебаттық, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің белсенді топтарында 19 мыңнан аса бала шұғылданатын болады. Жалпы, балалардың жазғы уақытын қызықты және тиімді өткізу кезеңінде 193 мыңнан аса баланы қамту жоспарлануда. Ал, ата-аналарға балалардың жазғы демалысы жағымды әсерлер мен естеліктер қалдырып, қызықты өткізуі өздеріне байланысты екенін баса айтқым келеді. Балаларды қауіпсіздік ережелерімен алдын ала таныстырған жөн. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әртүрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.

Бұл мезгілде балалар үшін қызықтың бірі – суда шомылу. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын сақтамаса, ересектердің қадағалауынан тыс қалса, қызықтың арты қайғыға ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан, шомылу маусымына да білім басқармасы мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері алдын ала ескертулер мен қатерді болдырмаудың амалдарын бастап кеткен. Суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы облыс әкімінің және білім басқармасының тарапынан тиісті жоспарлар бекітіліп, бақылауға алынғанын айтқан басқарма басшысы Рауан Нұрғалиұлы шомылуға рұқсат етілген 16 орын белгіленгенін мәлім етті.

– Облыс аумағында гидрографиялық тұрғыда 100-ден аса өзен және 112 тоған орналасқан. Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы шешімімен шомылуға тыйым салынатын орындар айқындалған. Жоспарларға сай, еліміздің «Азаматтық қорғау» туралы Заңының талаптары негізінде облыстағы білім мекемелерінде «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында ақпараттық түсіндіру парақтары (флаерлер) мен арнайы стендтер ілінді. Сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірге мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың судағы қауіпсіздігі бойынша ата-аналар мен оқушылар арасында жалпы 3 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 62450 жадынама, 32 мыңнан аса брошюра таратылып, барлық білім беру нысандарында және балабақшаларда, 65 мектептен тыс мекемеде, 44 колледжде, 7 коррекциялық мектеп-интернатта, сондай-ақ, 11 қала сыртындағы лагерьде бейнероликтер көрсетілді. Жазғы сауықтыру лагерьде, облыстағы су айдындарында судағы балалар өлімін болдырмау және алдын алу бойынша жергілікті атқарушы және құзырлы органдармен бірлесе жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы Рауан Садырқұлов қауіпсіздік шараларының дайындығы жөнінде.

Бала – келешекте ел тұтқасын ұстар тұлға. Олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып өсуімен қатар, денсаулығын қорғап, өмірін сақтауы да тұтас ел үшін аса маңызды. Оң мен солын танып үлгермеген алаңғасар да белсенді балалардың қызық қуып, қатерге ілігіп кетпеуі үшін ересектердің үнемі бақылауда ұстауы өте қажет. Болашағымыз баянды болсын десек, балаларымыздың әрбір әрекетіне байсалды қарайық!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА