Білім

Жас ғалымдарға қолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына барған сапары барысында жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесті.

Отандық ғылымның негізі қаланып, талай ғылыми сәттерге куә болған құтты шаңырақ қабырғасында болған жиында Президент аталған саладағы жиі талқыланып жүрген мәселелерге ерекше тоқталды.

Ең алдымен Мемлекет басшысы еліміздің бай шикізат қорына сеніп, отыра беруге болмайтынын ескертті. Бүгінгі жаңа технологиялар кезеңінде мемлекетіміз үшін өнертапқыштардың, инженерлер мен ғалымдардың ауадай қажет екендігін алға тартты. Әсіресе, әлемдік экономикада ғылымы алға басқан елдер көш бастап келе жатқанын айта отырып, ғылыми әлеуетімізді арттыру үшін бірқатар тапсырмалар бергенін жеткізді.

Расында, бүгінде кімнің ғылыми қуаты мықты, сол елдің технология дәуірінде дәурені жүретіні сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда Президент жас ғалымдардың мойынына аса маңызды міндеттер жүктеп отыр. Бұл мәселені өзі атап өткен Парламент талқылауындағы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң да қуаттай түседі. Әлбетте, отандық ғылым ғалымдардың әлеуметтік ахуалы тұрақтанғанда аталған межеге қарай өрістеп, дами түспек. Бұл ретте де Президент ғалымдардың мүддесі ерекше қорғалатынына айрықша тоқталды. Мұндай бастамалар көшке ілеспей, керісінше көштің алды болар қуатты ел атануға алғышарт болары анық. Мұндай межені бағындырып, әлемдік ғылымның алпауыты атану үшін де біздің жас ғалымдар жасампаздық жаршысына айналып, ғылымға бет бұрам деген күннен бастап мойындарында Отан алдындағы ерекше міндет тұрғанын естен шығармағандары абзал. Мұндайда мемлекеттің де жас ғалымдарға деген қолдауы ерекше болатынын Президент сөзінен анық аңғардық.

 

Гауһар ТӘЖІКЕНОВА,

Д.А.Қонаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

педагог-шебер.

Жуалы ауданы