Жаңалықтар

Ғылымды дамытуға ерекше мүмкіндік

Қазақ ғылымының қарашаңырағында ғалымдармен өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдарының еңбектеріне тоқталып, Отанымыздың көркеюі үшін ең алдымен ғылым мен білім саласының дұрыстап дамуына күш салу қажеттігін айтты.

Шикізатқа арқа сүйеп отырған елдің алысқа ұзамайтынын, мемлекетімізде ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштардың тапшы екенін, мамандарымыздың әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керектігін жеткізді.«Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр.

Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды да көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарынан көргісі келетінін айтты. Ол үшін әрине ғылыми әлеует артуы қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр екен.

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңеске бірқатар нақты тапсырма берген Президент барлық мәселені өзінің тікелей бақылауында ұстайтынын айтты.Парламентте қаралып жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын Сенат күні кеше бірінші оқылымда мақұлдады.Президенттің айтуынша, бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесі жетілдіріледі. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі жолға қойылады. Ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін Заң келешекте ғалымдар игілігіне қызмет ететін болады.Сондықтан елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін әсіресе бүгінгі жас ұрпақ толық сезінуі қажет.

Қазақстанның жарқын келбеті дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар деп атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші ретінде жас әрі терең білімді азаматтарға сенім артатынын білдірді.Былтыр 284 жас ғалып баспана алыпты. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен енді 200 пәтер берілуде.Ендеше, ғалымдарымыздың отандық ғылымды өркендетуге бар күш-жігерлерін салып, ел үшін аянбай тер төгуге үлкен мүмкіндік бар деген сөз.

 

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.