Жолаушылар пойызының әйнегін сындырған жеткіншектің ата-анасы жауапқа тартылды
Тараз қаласының кіреберісінде «Қызылорда-Семей» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызының вагонына белгісіз тұлға тас лақтырып, терезесін сындырған, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Аталған дерек Тараз станциясындағы Желілік полиция бөлімінде тіркеліп, әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерінің жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Тараз қаласы Абай көшесі 476 үй тұрғыны кәмелет жасқа толмаған «С» есімді 11 жастағы 6 сынып оқушысы анықталды. Ол өз кезегінде кінәсін мойындады.
Полиция қызметкерлерімен жасөспірімнің анасына қатысты өзінің кәмелет жасқа толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, іс-құжаттар Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Осылайша күні кеше, 31-ші мамыр күні Жамбыл облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жасөспірімнің анасы кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 73 840 теңге көлемінде айыппұл салынды.