Алимент өндірудің талап-тәртібі қандай?
Әлеуметтік маңызы бар істердің санатына, осы таңдағы өзекті мәселелердің бірі – алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттар жатады. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны орындайтындар өкінішке қарай өте аз.
Көп жағдайда ерлі-зайыптылар ерікті алимент төлеуде табысын жасырып, аз мөлшерде төлеу үшін түрлі әрекеттерге барып жатады.
Алимент көлемі сот шешімі бойынша белгілі болады, алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бір ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруы керек.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамаған жағдайда – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар алимент бойынша қарызын өтемеген борышкерге уақытында төлеп тұратын түрткі болатын шаралар бар.
Егер борышкердің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар борышкердің көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді, дүние-мүлкіне тыйым салады, Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қояды, жүргізуші куәлігінің күшін жояды және т.б. шаралар қолданады.
Мұндай шаралар борышкерге ой салады және алиментті уақытында төлеп тұруға түрткі болады.
Ескеретін жәйт, алимент төлейтін әке ақшасы бар немесе жоқ деп бөлінбейді. Демек жұмыссыз болғаны үшін оған қандай да бір жеңілдіктер қарастырылмайды, яғни алимент төлеуі тиіс. Егер борышкердің ресми жұмысы жоқ болса, мемлекет бекіткен жұмыссыздық тарифі бойынша орташа жалақы есептеліп, алименттің мөлшері анықталады, сол бойынша алимент төлеуге міндетті.
Мемлекетімізде заң бойынша алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, бірақ заң әлсіз.
Азаматтар өз тарапынан алиментті өндіріп алу үшін не істеуі керек?
Сот орындаушысы жұмыс істемеген жағдайда, сот орындаушыны ауыстыруға болады. Бұл жағдайда әр адамның құқығы бар.
Егер сот орындаушылары борышкердің үстінен ешқандай іс-әрекет жасамаса, онда сот орындаушының үстінен сот орындаушылар палатасына, прокуратураға, әділет органдарына және сотқа шағым жазуға болады, сонымен қатар сот орындаушының әрбір атқарып жатқан жұмыстарын қадағалап, бақылап отыра алады.
Егер алимент өндіруші берген өтінішіне 3 рет әрекетсіздік білдірсе, онда оларды сотқа беріп сот орындаушының лицензиясынан айыра алады.
Жанат МЕЙРҚҰЛ,
ҚР Бас прокуратурасы
Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі
комитетінің Жамбыл облысы
бойынша департаментінің
инспекторы