Аймақ басшысы мәселемді шешіп берді
Мен Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза көшесінде орналасқан жұқпалы ауруларға арналған облыстық ауруханаға жақын №162 көпқабатты үйде тұрамын. 1997 жылы ішкі істер саласынан зейнетке шыққалы жеке кәсіпкермін. Ауламда бос жер болғандықтан, 2016 жылы Тараз қаласының сол кездегі әкімі Нұржан Календеровке шағымданып, 12 шаршы метр жерді дүкен ашу үшін алдым. Дүкен соқтым. Кішілеу болған соң, үй жағымнан 1,5 метр жер қостым. Сол үшін 2023 жылы «Заңсыз жер қосты» деген айыппен маған айыппұл салынды. Бірақ, жергілікті сот орындары Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тапсырмаларына сүйене отырып, менің жұмысымды қолдады. Яғни, «Дүкенді соғуын жалғастырсын, нысан бұзылмасын» деп облыстық сот шешім шығарып берді.
Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі дүкенге рұқсат бермей, 6-7 рет қарсы болды. Былтыр желтоқсан айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қабылдауына жазылып қойдым. Жақында кезегім келіп, облыс әкімі мені қабылдады. Өңір басшысы мән-жайды білген соң, құжаттарымды қарап, менің жұмысыма жауаптыларға: «Ақсақалдың жұмысын көпке ұзатпай, сандалтпай, тез шешіңдер», – деп тапсырма берді.
Сол күні облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаев, Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірбек Әйменов үшеуміз менің дүкенімді барып көрдік. Ертеңіне Ермек Карентаев дүкеннің менікі екендігі туралы бұйрық шығарып берді. Осылайша, 8 жыл шешілмеген мәселе 8 сағаттың ішінде шешіліп кетті. Сол үшін облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке алғыс айтамын.
Аралбек ТОҢБАЕВ,
ішкі істер қызметінің ардагері,
ІІ топ мүгедегі.
Тараз қаласы