Ресми ақпарат
Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураның үйлестіруімен адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте бірқатар кешенді шаралар қабылданған. Мәселен, жуырда ғана өткен жедел алдын алу іс-шарасы барысында Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері адам саудасының 49 дерегін анықтаған. Оның ішінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты 9 факт тіркелген.
«STOP-трафик»: адам саудасының 49 фактісі анықталды
– Адамдар «трафигімен» байланысты заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асырған күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету деректері бойынша 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мысалы, Астана қаласында 9 «элиталық» монша кешенінің аумағында жас қыздарды сексуалдық қанауға тарту және мәжбүрлеу бойынша қылмыстық жүйені жолға қойған 17 адамнан тұратын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. 30-дан астам тінту іс-шарасы өткізіліп, ақша және 6 автокөлік тәркіленді. Негізгі фигуранттар қамауға алынды. Шымкент қаласында осыған ұқсас ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Мұнда жалпы сомасы 1 миллион теңге және 16 мың АҚШ долларынан астам қаражат, 10 автокөлік тәркіленді. Топ жетекшілері мен мүшелері қамауға алынды. Петропавл қаласында 2023 жылдан бастап зорлық-зомбылық пен бопсалау арқылы жас қыздарды жыныстық қанауға мәжбүрлеп келген қылмыстық топ әрекет еткен. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оған қатысу дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде, – деді Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Ведомство өкілінің сөзінше, бірқатар өңірлерде әлеуметтік осал топтардан шыққан адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактілері де анықталған. Айталық, тәртіп сақшылары Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоқан-лоққы және күш көрсету арқылы оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, «бизнес» ұйымдастырған адамдар тобын құрықтаған. Қаскөйлер өз құрбандарының есебінен жыл сайын 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып келген. Дәл осыған ұқсас қылмыстық топтың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарында да бар болып шықты. Мұнда қылмыскерлер мүгедектер мен балаларды базарлар мен вокзалдар аумағында өз мүдделеріне пайдаланған.
Іздеуде жүрген қылмыскерлер құрықталды
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында жамбылдық полицейлер тыйым салынған заттарды заңсыз сақтап, тасымалдаған 6 адамды қолға түсірді. Сондай-ақ, бұл күндері 8 заңсыз жүрген мигрант ұсталса, кезекші тәулікте 36 қылмыс ашылған. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 5 қылмыскердің жолын кесті.
Жалпы, полиция қызметкерлері барлығы 4965 әкімшілік құқықбұзушылық дерегін анықтаған. Оның ішінде тіркеусіз немесе құжатсыз тұру жағдайының 1041 дерегі, 307 ұсақ бұзақылық, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болудың 303 дерегі тіркелген. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін 146 бұзақы жауапқа тартылған.
– Рейдтік іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың бірнеше дерегі анықталды. Атап айтсақ, 19 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарса, 8 азамат көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 571 жүргізушіге қатысты белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, 1637 жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерінен кесіп өткені үшін жауапкершілікке тартылды. Айып тұраққа 167 көлік құралы қойылды, – делінген өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өңірде жабайы қарасора алқабы екі есеге қысқарды
Облыста жабайы қарасора өсетін Шу алқабының жаңа картасы жасалды. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарымен күресу кезінде полиция қызметкерлері осы уақытқа дейін 1989 жылғы деректерді пайдаланып келген болатын. Сол кездегі есептеулер бойынша жабайы қарасораның қаулауы 138 мың гектардан асты. Өткен жылы алғаш рет өңірлік полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің бастамасымен Шу алқабындағы жабайы қарасораның нақты өсу картасын жасау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді. Карта полицияға жабайы қарасора өсетін нақты аудандарға жүйелі бақылау жүргізуге, тыйым салынған заттарды дайындаумен де, тұтынумен де айналысатын адамдарды анықтау бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
– Біздің қызметкерлер есірткі жеткізу арналарын анықтау және жою, ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің жолын кесу бойынша үздіксіз жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, олар шабу және өртеу арқылы каннабистің өсу ошақтарын жояды. Енді жаңартылған деректермен бұл жұмыс екі есе тиімді болмақ. Полицейлер қарасора дайындаушыларды анықтау үшін оның әрбір учаскесін мұқият зерттейді, – деп атап өтті өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Беймезгіл жүрген мыңға жуық жасөспірім анықталды
Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау және олардың арасында қылмыстың алдын алу – күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте тәртіп сақшылары жүйелі түрде жедел алдын алу іс-шараларын жүргізіп келеді. Мәселен, «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде полицейлер түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде болған 955 кәмелетке толмаған жас жеткіншектерді анықтады.
Өз кезегінде аталған жасөспірімдерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ата-аналарына ескерту берілді. Айта кетейік, бүгінгі таңда өңір аумағында бала тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмейтін 64 қолайсыз отбасы тіркелген. Ал, балалардың құқықтары мен міндеттерді орындамағаны үшін 70 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Есен ӨТЕУЛІ.