Жаңалықтар

Қауіпсіздік қай кезде де маңызды

Міне, көптен күткен жаз маусымы да басталды. Жылдың осы мезгілімен бірге балалардың жазғы каникулы, ересектердің еңбек демалысы, отбасымен сыртта серуендеу және шомылу уақыты да келіп жетті. Сондай-ақ, бұл кезең балалардың қатысуымен болатын түрлі оқиғалардың көбеюімен де сипатталады: ашық терезеден құлау, ересектерсіз су қоймаларында болу, балалардың отпен ойнауы, тағы-тағы сол сияқтылар... Жазда күннің ысуы, әрине, өрт қаупінің артуына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, қай уақытта да, үйде болыңыз, табиғат аясындағы демалыс болсын, өзен-көлдерде, тіпті бассейнде шомылсаңыз да, қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін қаперден шығармаған жөн.

ТАБИҒИ ҚАУІПТІ АЗАЙТУ ЖОЛЫНДА

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары үшін судағы қауіпсіздік, балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлауы және балалардың отпен ойнауы салдарынан болатын түрлі оқиғалардың алдын алу бойынша арнайы семинарлар өткізуде. Қала-аудандарда ұйымдастырылған осындай шаралар арқылы құтқарушылар жаздың оқиғасыз өтуі үшін ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертуде. Мәселен, ата-аналар ешқандай жағдайда балаларды қараусыз қалдырмауы керек. Оларға дәрі-дәрмектер, қауіпті, өткір заттар, сіріңкелер мен оттықтар қолжетімді болмауы тиіс. Пәтердегі терезелерге «балалар құлыптарын» орнату және баланың терезеге көтерілмеуін қамтамасыз ету ұсынылады. Бала өрт кезінде өзін қалай ұстау керектігін және қатты түтін болған кезде мұрын мен ауызды дымқыл шүберекпен жауып, сыртқа шығуға әрекет етуді білуі қажет. Үйде тек жұмыс істейтін электр құрылғыларын пайдалану маңызды және үйден шығып бара жатқанда электр құрылғыларын қосулы түрде қалдырмау керек.

Табиғи өрттердің, яғни орман-дала өрттерінің алдын алу және оларды жою азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінде баса назар аударылатын негізгі бағыттардың бірі. Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, биыл еліміз бойынша өрт қаупі кезеңі басталғалы бері 33 орман өрті тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе аз. Сондай-ақ, жалпы ауданы 353 гектар болатын 148 дала жануы тіркелген, бұл өткен жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 5 есеге төмен.

Биыл оңтүстік өңірлердегі өрт қауіпті кезең 20 наурыздан, ал солтүстік, батыс, шығыс және орталық бөліктерде 8 сәуірден басталды. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпті кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауда. Мәселен, әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар көзделген, жалпы ел бойынша 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайын. Қазіргі таңда аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. «Қазавиақұтқару» мекемесі авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі және дала аумағындағы өрттерді жою үшін ерікті өртке қарсы құрылымдар тартылмақ. Бүгінде ел аумағында барлығы 241 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған. Бұдан бөлек, әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерді қорғау үшін өрт сөндіру бекеттерін құруда. Бүгінгі таңда республикада 720 өрт сөндіру бекеті құрылған.

Табиғи өрттерге ден қою алгоритмін тәжірибелік пысықтау үшін 15-16 мамырда «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығулар өткізілген болатын. Оқу-жаттығу шеңберінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі режимін сақтауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені, орман-дала өрттері барысында туындайтын негізгі және қосалқы міндеттерді орындау бойынша уәкілетті органдармен және ұйымдармен штабтық жаттығулар өткізілді. Барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелері 175 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Төтенше жағдайлар министрлігінің оқу орталықтарында орман күзетінің 1300 қызметкері оқытылды. Өрт қауіптілігі жоғары кезеңде ТЖМ күштерімен орманшылықтарда механикаландырылған күзет ұйымдастырылады. «Бүгінде өңірлерде орман-дала өртінің алдын алу шаралары басталды. Еліміздің орманды-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін мемлекеттік өрт бақылау, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті полиция қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. Рұқсат етілмеген жерде от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, сабанды жағу және өрт қауіпсіздігі қағидаларының басқа да бұзушылықтары үшін бүгінгі күні 920 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаруа қожалықтарын аралау практикасы жандандырылып, шамамен 80 мың адамды қамтыған 1200 жиын, 11 мың нұсқама, 500 дөңгелек үстел өткізілді. Биылғы жаз ыстық болады деп болжануда, соған орай табиғи өрттің қаупі де жоғары. Әрине, елдің орманды дала аймағындағы өрт қаупіне табиғи климаттық жағдайлар мен азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер етеді, бірақ біз өрттердің алдын алу, таралуын шектеу және оларды сөндіру бойынша уақытылы шаралар қабылдауымыз керек, – дейді Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев.

Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында азаматтар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы тиіс. Мәселен, жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастамаңыз. Орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермей, табиғат аясында болғаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып кету керек. Өйткені, күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті тоғыстырып, өртеп жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, жанғыш қоқыстарды шығару, құрғақ өсімдіктерден тазарту және елді мекендердің аумағын жинау бойынша іс-шаралар жүргізу маңызды. Табиғи өрт туындаған жағдайда өртке қарсы қызметіне «101», «112» телефондары бойынша дереу хабарлау қажет. Орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамағаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін назарда ұстаған жөн.

АЛДА – ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ

Елімізде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Бүгінгі күні еліміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 612 орын бар. Шомылу маусымы басталғанға дейін полиция қызметкерлері, жергілікті әкімдіктер және еріктілер 18 мыңнан астам патрульдеу мен рейдтер жүргізіп, нәтижесінде заң талаптарын бұзған 828 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 35 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамау салдарынан 11 адам, оның ішінде 1 кәмелеттік жасқа толмаған бала суға батып қайтыс болды. Жүргізілген талдау қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды қараусыз қалдыру екенін көрсетті. Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау және өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды қорғау үшін судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Еске сала кетсек, өткен жылғы суға шомылу маусымында еліміздің су айдындарында 367 адам, оның ішінде 120 бала құтқарылған. Сондықтан, күннің ысуына байланысты және жазғы демалыс кезінде балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдырмай, ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеген жөн. Бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайды. Мас күйде және оған арналған аймақтардан тыс жерлерде шомылуға қатаң тыйым салынады. Осы қарапайым ережелерді сақтау сіздің және жақын адамдарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

БАЛА АМАНДЫҒЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Балалардың жарақат алуы мен өліміне әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі – терезеден құлау оқиғасы. Көп жағдайда 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден құлау қауіп-қатеріне жиі ұшырайды және ол бүлдіршіндердің ата-анасының қарауынсыз қалуы себебінен орын алады. Қасіреттің алдын алу үшін құтқарушылар кішкентай балаларды жалғыз қалдырмауға кеңес береді. Сонымен бірге барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қоюды ұсынады. Терезедегі москиттік торларға сенбеу керек. Олар құлаудан сақтауға арналмаған. Ең сапалы тордың өзі баланың салмағы мен қысымды көтере алмайды. Егер балаңыз бөлмеде болса, терезені және балкон есігін ашпаңыз. Бала терезені өз еркімен аша алмау үшін оған арнайы бекіткіштер орнату қажет. Егер сіз балаңызға терезеден бірнәрсе көрсететін болсаңыз, оны мықтап ұстаңыз, баланың шұғыл қимылдарына дайын болыңыз, баланы киімнен ұстамаңыз.

Баланы жазғы демалыста оқушылар лагеріне жібергенде де бірқатар маңызды сәттерге назар аударған жөн. Балалар лагерінде қызметкерлер міндетті түрде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша нұсқау беруі тиіс. Жазғы лагерьлерде өрт қаупі төнген немесе туындаған кезде балаларды ғимараттар мен үй-жайлардан эвакуациялау бойынша практикалық жаттығулар өткізілуі тиіс.

 

Жүрсінгүл Жақып