Қоршаған ортаға қамқорлық
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын тауып келеді. Акцияның басты мақсаты – облыс тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті арттыру, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу керек. Жалпы, акция барысында облысымызда 1600-ден астам сенбілік өткізіліп, оған 214 мың адам жұмылдырылыпты.
Тараз қаласында ұйымдастырылған акцияға қала жұрты да белсене қатысты. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, екі айға жуықтаған акция барысында шаһар аумағында көп жұмыс атқарылыпты. Ең бастысы – көшелер, аулалар мен каналдар маңы кездейсоқ күл-қоқыстан тазартылған. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 8 сәуірден бері жалғасып келеді. Акцияның бір ерекшелігі, әрбір аптаның өзіндік тақырыбы мен мақсаты бар. Мәселен, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» деген тақырыптар аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында көше бойлары, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып, тал-дарақтар отырғызылды. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңайын абаттандыру, жалғызбасты қарттар мен еңбек ардагерлерінің аулаларын тазалау және абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бір атап өтерлігі, бұл іс-шараға Тараз қаласындағы барлық мекемелер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, өз үлгілерін жастарға көрсетті», – дейді ол.
Жамбыл облысы күні аясында өткен акция кешегі күні облысымыздың орталығы Тараз қаласы мен аудандарында жалғасқаны белгілі. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен аймақтағы биылғы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге қарастырылыпты. Соның нәтижесінде облыс көлемінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен скверлер, 816,6 километрді құрайтын каналдар мен арықтар, 3,1 мың километрге созылған көше мен 99 мың аула маңы тазартылып, 9,7 мың тонна күл-қоқыс шығарылған. Көгеріштендіру аясында 60 мың ағаш көшеті отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылған.
Ал, Тараз қаласында өткен экологиялық акция «Қарасу 2» каналын механикалық тазалаудан өткізу шарасымен басталды. Ондағы тазалық жұмысына 16 мекеме қызметкері қатысты. Оның ішінде облыстық жастар ресурстық орталығы, «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, Тараз қалалық әкімдігінің бөлім қызметкерлері мен ерікті жастар бар.
– Облыс күніне арналған «Таза Қазақстан» акциясына атсалысып жүрген көптің қарасы қалың. Ең бастысы – тазалыққа деген халықтың түсінігі мен көзқарасы өзгерген. Бүгінге дейін жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары оң нәтиже бергені қуантады. Дегенмен, әлі де арқаны кеңге салу ерте. Ендігі кезекте үлкен тоғандар мен сай-салаларды күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын жандандыру керек. Бүгінгі акция «Қарасу 2» каналын механикалық тазалау жұмыстарынан басталды. Тазалау барысында канал бойында жиналып қалған тұрмыстық қалдықтар, полиэтилен пакет, пластик бөтелкелер сияқты табиғатқа зиян күл-қоқыстар шығарылды. Бұған дейін аймақ басшысы да облыс орталығындағы су каналдары мен арықтардың жай-күйімен танысып, кешенді тазалаудан өткізу бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын. Міне, бүгін сол тапсырмалар іс жүзінде орындалуда. Жалпы, Тараз қаласы бойынша 8 канал мен 4 дренаж жүйесінің бүгінде жетеуі тазартуды қажет етіп тұр. Ол каналдардың механикалық тазалау жұмыстарына облыс және қала әкімдігі бюджеттерінен қаражат қаралып отыр. Ол каналдарға бөлінген қаржы 250 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда механикалық тазалық жұмыстары барлық бағытта басталып кетті, – дейді Қайрат Исмаил.
Бүгінгі күні шаһардағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, жыл аяғына дейін барлығы 300 километрді құрайтын канал мен арық-атыздарды тазарту көзделген.
– Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Каналдар мен арық-атыздар, елеусіз қалған көне тарихи орындар да абаттандырылуда. Науқанға тұрғындар жұмылып өскен өлкесін тазалауға көмектесіп жүр. Акцияға қала тұрғындары ғана емес, әр аудан үлесін қосуда. Таза Қазақстан – таза ауладан басталады ғой. Сондықтан, тұрғындар өзі тұрған жерді қоқысқа толтырмай, таза ұстап жүрсе құба-құп болар еді, – дейді қала тұрғыны Гүлсара Сыдықова.
Акция аясында тазалық іс-шарасы жоспарланыпты. Ауа райының қолайсыздығынан бүгінгі таңда 3,5 мың түп тал-дарақ отырғызылып, күтімге алынған. Бір атап өтерлігі, ағаштарға тау қыратындағы дарақтарға тамшылатып ылғалдандыру жүйесі орнатылған. Оның күтімі «Жасыл Ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Серіктестік директоры Азамат Әбішовтің айтуынша, ылғалдандыру жүйесі уақыт талабына сай жасақталуда. «Қыратта орналасқан тал-дарақтарды тамшылатып суару әдісімен ылғалдандырмаса, оларға су жеткізу қиын болады. Сондықтан да біз қажетті суды Талас өзеніне тартып отырмыз. Ол үшін 16 мың метрлік пластик құбыр жүйесі төселді. Жерді бұрғылап, құдық қазуға бұл ара келмейді. Жері тастақ. Жалпы, бұл аймақты 2019 жылдан бері қарап, көгалдандырылуына баса мән беріп отырмыз. Туристік орталық болғандықтан оның жасыл желекпен көмкерілгені маңызды. Биылдың өзінде тал егу акциясы аясында 3500 түп тал-дарақ отырғызылып, күтімге алынды. Бүгінде тамшылатып суару жүйесінің орнатылуы 85 пайызды құрап отыр. Бір апта көлемінде бізге жүктелген міндетті толық аяқтап, іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Сонымен қатар, «Тектұрмас» кешені аумағындағы «Көне қамал» нысаны бой көтеруде. Қайрат Исмаилдың айтуынша, құрылысы жүріп жатқан кешен аумағындағы қамалдың жобалық құны 650 миллион теңгені құрайды. Нысан өтпелі. Дегенмен, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге, аталған кешен аумағынан асхана, басқа да мәдени-тарихи нысандар ашу көзделген.
Сондай-ақ, акция аясында Тараз қаласының орталығында жүргізіліп жатқан М-1 орталық жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстық. Оған тартылған жұмыс күші мен ауыр техника қала орталығындағы Төле би көшесі бойында қызу жұмыс үстінде. Жаңғыртуды қажет ететін жылу магистралінің жалпы ұзындығы 6,1 километр. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда М-1 орталық жылу магистралінің жаңғырту құрылыс жұмыстары қаланың орталық көшесі Төле би бойында жүргізілуде. Ол бес бөліктен тұрады. Жалпы, құрылыс алаңында 120 жұмысшы, 40 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы мекемесінен «Көне Тараз» тарихи кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал, екінші бағыты «Көне Тараз» тарихи кешенінен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп келеді.
Сонымен бірге, Төле би көшесі бойында жаңғырту жұмыстары №48, 50, 52, 54 көпқабатты тұрғын үйлерде де жүргізілуде. Бұл үйлердің сыртқы келбеті ғана емес, іші-сырты жаңартылуда. Көшеге сән беру үшін ол көпқабатты тұрғын үйлердің архитектуралық бейнесі жаңартылып, сыртқы бейнесімен қатар, балкондар да қайта пластиктермен қапталуда. Көше келбетін абаттандыру жұмыстарына тартылған жұмысшы саны жүзден асады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы