Жаңалықтар

Сапасыз жұмыстарға сын көп

Елімізде көлік жолдарының жай-күйі өзекті екені белгілі. Сол себепті, жыл өткен сайын дәл осы салаға қыруар қаржы қарастырылып, жүздеген жобалар қолға алынады. Мәселен, биыл аймақта 332 жоба аясында жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, осы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте мәлім болды. Басқосуда облыс әкімі жауаптыларға жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасына баса көңіл бөлуді тапсырды.

Жиында әуелі облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, ағымдағы жылы 16,5 шақырым көше жолдарында құрылыс, 631,9 шақырым жолға орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, 3 шақырым жол қайта жаңғыртылады. Бүгінгі таңда 144 жобада жұмыстар басталған.

– Тиісті жобаларды іске асыру бойынша басқарма тарапынан апталық мониторинг жүргізілуде. Айта кетейік, 332 жобаның 24-і өткен жылдан өтпелі. Қазіргі таңда 28 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Байзақ, Жуалы, Қордай ауданында 1, Меркі ауданында 3 жоба бойынша конкурс жарияланбаған. 41 жобаның жеңімпазы анықталып, бұл іс қазір шарт жасасу сатысында тұр. Жуалы, Меркі, Шу ауданында жүзеге асатын 3 жоба бойынша шағым қаралуда. Шарт жасалған 230 жобаның 110-ы бойынша жұмыс басталмаған. 18 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Алайда, Байзақта – 3, Жуалыда – 1, Қордай мен Меркіде бес-бестен он, Талас ауданында 2 жоба бойынша техникалық қадағалау қызметін анықтауға қатысты конкурс өтпеген, – деді Мұрат Саурықов.

Атап өтерлігі, есепті кезеңде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы тарапынан 25 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 75 сынама алынған. Нәтижесінде тиісті тарапқа 2 ескерту беріліп, жұмыс тәртібінде жою шаралары қабылданған. Бұдан бөлек, биыл іске қосылатын жергілікті жол жөндеу жобаларына алдын ала есеп бойынша жол құрылысына аса қажетті битум өнімінің қоры 30 мың тоннаны құрайтыны анықталған. Ал, қазіргі таңда өңірдегі ірі жол компанияларының битум сақтау қоймаларында 12,3 мың тонна битум қоры бар.

Басқосуда облыс әкімі биыл жол саласында ауқымды жұмыстар қолға алынғанын атап өтіп, бірқатар мәселелерге назар аударды. Нақты айтқанда, аймақ басшысы Тараз қаласындағы бұрын жөнделген көшелерге көпшіліктің көңілі толмайтынын айтты. Ербол Қарашөкеев мұндай олқылықтар дер ке зінде тиісті т арапт ан дұрыс қадағалаудың болмағанын айғақтайтынын жеткізді.

– Қазіргі таңда Тараз қаласында жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жол сапасына қатысты мәселелер жергілікті тұрғындардың арыз-шағымын тудыруда. Мәселен, Қолбасшы Қойгелді көшесіндегі жолдар ойылып, көлік жүргізушілеріне айтарлықтай кедергі келтіруде. Ал, жөнделгеніне көп уақыт өте қоймаған жолдардың бүгінде шұрық-тесіктен көз ашпауы – сапасыз жұмыстардың салдары. Шаһардағы қазу жұмыстары толық аяқталысымен, жолды қалпына келтіру шараларын қатаң бақылауға алу қажет, – деген Ербол Шырақпайұлы жауапсыз мердігер компанияларға тиісті шара қолдану қажеттігін баса айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірде туризм саласын дамытып, шетелдіктерді қызықтыру үшін инфрақұрылымның маңыздылығын атап өтті. Аймақ басшысы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ержан Телеужанға жолдың жайын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, жол жөндеу жұмысында ширақтық танытпаған бірқатар аудан әкімдерінен жауаптар алды.

Басқосуда суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков баяндама жасады. Сөзінше, өңір аумағында гидрографиялық тұрғыда 100-ден аса өзен мен 112 тоған бар. Бүгінгі таңда бірқатар волонтерлік ұйымдардың басшылары мен үйлестірушілерінен құралған 59 тыңдаушы облыстық төтенше жағдайлар департаментінде даярлық курстарынан өткен. Өкінішке қарай, өткен жылы облыста шомылу маусымы кезеңінде 5 адам суға батып, қаза болды. Аймақ басшысы дәл осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырма жүктеді. Облыс әкімі жауаптыларға шомылуға тыйым салынған орындарға бақылауды күшейтуді, тұрғын үйлерге жақын орналасқан каналдарды қоршауды және азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының жазғы демалыстарын тиімді әрі қауіпсіз өткізу мәселесіне де назар аударды.

 

Есен ӨТЕУЛІ