Жаңалықтар

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Байзақ-2024» тексеру жиынының жабылу салтанатына қатысты.

Облыс әкімі әуелі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің арнайы техника мен жабдықтарын аралап көріп, оқ ату жаттығуларын тамашалады.

Тексеру жиыны ағымдағы жылдың 20- 29 мамыры аралығында «Айша бибі» полигонында ұйымдастырылды. Оған Байзақ ауданының аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген 80-ге жуық әскери міндеттілер қатысты.

Жалпы, оқу-жаттығу облыстың аумақтық қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған. 10 күндік жиын барысында әскери міндеттілер кәсіби мамандардың көмегімен біліктіліктерін шыңдады. Атап айтқанда, олар аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тапсырылған нысандарды күзету және қорғау, қарсыластың диверсиялық- барлаушылық тобымен күре сті ұйымдастыру бойынша дайындықтарын іс жүзінде жетілдірді.

Ербол Қарашөкеев аумақтық қорғаныс әскерлері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің ажырамас бөлігі екенін баса айтты. Әкім әскери міндеттілерді оқу-жаттығу жиынын сәтті аяқтауымен құттықтады.

– Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Ел іргесі берік болуы үшін Қазақстанның Қарулы Күштері, оның ішінде, аумақтық қорғаныс әскерлері кез келген уақытта мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық дайын болуы тиіс. Бұл үздіксіз дайындықты қажет етеді.

Еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету – бүкілхалықтық іс. Ол үшін жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, еліміздің қауіпсіздігі мен қарқынды дамуындағы жауапкершілікті қалыптастырып, жұмыстарды әрі қарай жандандыруымыз қажет, – деді облыс әкімі.

«Байзақ-2024» тексеру жиынының қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген әскери міндеттілер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.