Жаңалықтар

Жыл басынан бері 2 лаңкестік шабуылдың жолы кесілді – ҰҚК

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Мемлекет басшының жеке қабылдауында баяндады, деп хабарлайды aqjolgazet.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап

Ведомство басшысының айтуынша, биыл жыл басынан бері екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілген. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болған.

Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істердің негізінде радикалды діни идеологияның 26 жақтаушысы лаңкестік және экстремистік әрекеттері үшін сотталған. Тағы 22 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар экстремистік көзқарастарына байланысты республикаға 139 шетелдіктің кіруіне жол берілмеген, 280-нен астам шетелдік азамат Қазақстаннан депортацияланған.

Мұнымен қоса Ермек Алдабергенұлы Мемлекет басшысына берген есептік-баяндамасында заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленгенін айтты.

Айта кетейік, құзырлы органның ұйымдастыруымен жыл басынан бері 340-тан астам терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиыны өткен.