Жаңалықтар

Момыш бұлағы

Момыш бұлағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жер. Ол Көлбастау мен Талапты ауылдарының орта тұсында, Орақ-балға аталатын ескі жұрттың батыс тұсында орналасқан. Бұлақ 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Жуалы ауданының жоғарыда аттары аталған елді мекендерінің Алатауға қараған оңтүстік беткейлері сансыз бұлақтарға толы. Сондықтан да бұл мекенді кейбір көнекөз қариялар Мыңбұлақ деп атайды.

Момыш бұлағы тау етегіндегі жазық алқаптың шағын сай басталар өзегінен шығып жатыр. Бұрын бұлақ басында жалғыз бұта, екі-үш топ ши өсіп тұратын. Ал, бастаудың көзі, сары топырақты жарлауыт, жағасында құрақ өсіп кеткен еді. Қазіргі таңда бұлақ көзі жалпақ тастармен қиюластырылып өріліп, табаны бетонмен шегенделген.

Бұлақтың суы шағын ғана. Оның батыс жақ іргесінде 200 қадамдай жерде және бір бұлақ бар. Ол Есдәулет бұлағы деп аталады. Екі бұлақтың ортасы 2 гектардай тегіс, шөбі шүйгін алқап. Ауыл қариялары бұрын екі бұлақтың түйіскен жерінде мал суарып, ат шомылдырып, қой тоғытатын тоған болғандығын айтады.

Осы Момыш бұлағы басында ерлік даңқы әлемге жайылған батыр Бауыржан дүниеге келген, оның кіндік қаны тамған, сәбилік шағын өткізген киелі мекен саналады. Бұлақтың шығыс жағындағы дөңесте Құли баба ұрпақтарының ескі жұртының, Момыш пен Момынқұлдың үйлерінің орны жатыр.Бұл жер туралы Бауыржан Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында жан-жақты баяндайды.

Баукеңнің кіндік қаны тамған бұлақ басына бір белгі қою ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлының арманы болып келген еді. Бұлақ басындағы екі гектар жайылымдық жерді заңдастыру үшін Аманжол ата 12 жыл жүгірді. Баукеңнің 100 жылдығында облыс басшылығына шығып жатып, Момыш бұлағына апарар жолдың бойына еңселі сілтеме тақта орнатқызды (Көлбастау мен Талапты ауылдарының ортасында орналасқан).

Алатаудың етегінде орналасқан Момыш бұлағына талай республикадан, облыстан келген басшылар барып, Мыңбұлақтың тамаша табиғатына сүйсініп, саф таза ауасын тамсана жұтып, бал татыр бұлағынан су ішті. Сол арада Аманжол Дүрәліұлы демеушілердің күшімен жасатқан бас жоспарын көрсеткенде, «Ғажап стела екен. Керемет. Бұл жерді туристік орталыққа айналдыру керек. Тамаша жер, керемет көрініс. Қарияның мына жобасы іске асса, бұл жерге зиярат жасауға келетіндер көп болады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыру керек» десті. Бірақ, мәселе қаржыға тірелгенде, олардың дені сылтау айтып, «Бұл жер жекенікі екен. Бюджет қаржысына сала алмаймыз. Алдымен жерді жергілікті әкімдіктің меншігіне алу керек» деп мәселе кейінге шегеріле берген-ді.

Аманжол Дүрәліұлының діні қатты екен. Бұл тығырықтан да жол таба білді. Жан-жаққа үшбу хат жазып, қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Сөйтіп жүріп аумағы екі гектарды алып жатқан жерді, егесі, Талапты ауылының тұрғыны Мақан Сәрсеқұловтан 2016 жылы сатып алды. Көк қағазын жасатып Мыңбұлақ ауылдық округінің меншігіне өткізді. Сол күні жұмыс бөлмеме келген Аманжол ата: «Сүйінші! Мені құттықтауларыңа болады. Мен ақыр түбінде жеңіске жеттім. Жердің көк қағазын алдым», – деді.

– Құтты болсын, ата, – деп игі істің біткеніне қуандық.

Сол арада Аманжол аға ағынан жарылды.«Көк қағазды ала салып Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметоваға қоңырау соғып, сүйінші сұрадым. Зейнеп не деді дейсің бе? «Мен Жуалыдан үй салу үшін 25 сотық жер сұрап ала алмап едім, сен қалай алдың?», деп таңданды. Сөйтті де «Сүйіншіңді түйіп қойдым, барғанда ала барамын», деп жауап берді. Одан кейін аудан әкімі (сол тұстағы) Бақтияр Көпбосыновқа кірдім. Кірдім де: «Бақтияр, саған дейін төрт әкім әпере алмаған жерді сен тындырдың. Сізге рақмет», дедім. Бақтияр інім: «Әбеке, құтты болсын. Биыл күзде бұлақтың айналасына тал отырғызайық. Көктемде қоршап та берерміз», деп қуантып тастады. Сол жерде Бақтияр Бейсембайұлы менің жобама біраз өзгерістер енгізіп, жолды түзеп қайта салайық, бастау басына бөгет тұрғызайық деді. Мен қуанып қалдым. Әкімге шын риза болып шығып келе жатқан бетім еді. Содан кейін маған көптеген елімізге белгілі азаматтар қоңырау шалып сұрап тұрады. Әбеке, Баукеңе стела тұрғызуды бастасаңыз айтыңыз. Біз де қолымыздан келгенше стеланың құрылысына демеушілік көрсетеміз дейді. Солардың қатарында ұстаз, академик, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметов те бар», – деді ол.

Әбекең бұл істі Баукеңнің рухы үшін, әруақтардың разылығы үшін, Алла үшін жасадым. Ендігі іс ұрпақтардың еншісінде дейді. Десе де ең қиын жұмысты Әбекең аяқтап берген болатын.

Айтқанындай-ақ, Момыш бұлағының айналасы алдымен қоршалды. Ал, Нарбай Ергебеков аудан әкімі болып тұрғанда бұлақ басы абаттандырылып, жобадағы стела бой көтерді. Бұлақ көздері жоғарыда айтқанымыздай жалпақ таспен өріліп, табанына бетон төселіп, өзгеше көрікке енді. Жол салынып, жаяу жүргіншілер жолы бойына орындықтар қойылып, жаңа саябаққа жеміс ағаштары мен сәндік тал-дарақтар отырғызылды. Мыңбұлақ ауылдық округі әкімдігіне берілген саябақтағы стела Баукеңнің 110 жылдығы қарсаңында бар сән-салтанатымен ашылды. Оның құрылысына көптеген елге белгілі азаматтар демеушілік көрсетті. Бүгінде Момыш бұлағы басына келушілер, батыр рухына тағзым етіп кететін жастар қатары көбейген.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы