Жаңалықтар

Бір миллион теңгенің сертификаты берілді

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химиктер күнін жылда сән-салтанатымен атап өтеді. Биылғы мереке серіктестікке қарасты «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытының 45 жылдығымен тұспа-тұс келуіне орай оны зауыт басшылығы көңілді шоу түрінде өткізуді ұйғарыпты. Сөйтіп «Баласағұн» орталық концерт залында «Бірлік және береке» атты тақырыпта көңілді тапқырлар клубының ойындарымен басталды.

Бүгінде алты мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында 2900 адам еңбек етеді. Бұл зауыт құрылған 1978 жылдан бері сары фосфор және құрамында фосфор бар өнімдер өндіруде. Жалпы серіктестік бүгінде өз өнімін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып табылады. Ол әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаратын шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өткеруші серіктестік ретінде белгілі.

Ойын алдында «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты қызметкерлерінің электр энергиясына «Халық Банкі» акционерлік қоғамының банк қосымшаларының онлайн операциясы арқылы 1 мен 19 мамыр аралығында төлем жасағандардың талон картасы бойынша анықталған бір топ үміткерге 20 мың теңгенің сертификаттары берілді.

Ойын шарттары таныстырылған соң сахнаға «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар зауыты» жастарынан құралған «ZMU», Тау-кен байыту кешенінің «ГПК», Теміржол көлігі кешенінің «РТК», Тараз-Алматы кеңсесінің «Офистен шаршадым» және «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытының «ЖЖФЗ» командалары кезекпен шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Ал, зауыт жастары қатысқан ойынға әділқазылар алқасының төрағалығы Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровке жүктелді.

Өнер сайысы «Сәлемдесу, миниатюралар», «Биатлон», «Музыкалық нөмір» және «Үй тапсырмасы» номинациялары бойынша өрбіді. Зауыт жастары жұмыстан бөлек өнер сайысында осал еместіктерін танытты. Бірінен бірі асқан қойылымдарға зал толы жұмысшылар разы болып, қол соғып, қолпаштап отырды.

Сайыс қорытындысымен Мұқаш Ескендіров таныстырып, жүлделерін команда жастарына салтанатты жағдайда тапсырды. Ойын қорытындысында «РТК» мен «Офистен шаршадым» командалары ынталандыру сыйлығы, яғни, 200 мың теңгені қанағат тұтты. Ал, үшінші орынға тұрақтаған «ЖЖФЗ» командасы 500 мың, екінші орын иеленген «ZMU» командасы 700 мың теңгенің сертификаттарын қанжығасына байлады. Өзінің ұтымды әзіл-қалжыңдарымен көзге түскен «ГПК» командасы бірінші орынды жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

 

«Aq jol»-Aqparat.