Өлке тарихының баға жетпес жәдігерлері
Облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстандағы көне әрі бірегей музейлердің қатарына кіреді. 1931 жылы 25 тамызда Әулиеата өлкетану музейін ашу туралы шешім қабылданды. Әулиеата өлкетану музейі кеңесінің бірінші отырысында алғашқы директор П.Р.Косивцев музейдің алғашқы экспозициялары мен қойылған жәдігерлері туралы мәліметтер келтірген. Алғашқыда құнды жәдігерлер болып археологиялық олжалар есептелген. Ол кезде музейдің экспозициялық ауданы небәрі 328,5 шаршы метрді құраған.
1940 жылдары музей жаңа статусқа ие болып, қалалық емес облыстық деңгейін алады. 1970 жылдардың ортасына қарай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі Бүкілодақтық туристік маршрутқа қосылып, 1977 жылдан бастап шетелдік туристер қабылдай бастаған.
Музейдің алғашқы ғимараты ортағасырлық сәулет ескерткіші, бүгінгі Тараздың бейнесі Қарахан кесенесінің маңындағы шағын ғимаратта орналасты. Екі экспозициялық залдың көлемі небәрі 328,5 шаршы метрді қамтыған. Осылайша музей қызметі бар мүмкіндікке орай дами бастады, археологиялық жәдігерлер жинақтау жұмыстары жүргізілді. 1939 жылы облысымыздың құрылуына орай, музей статусы облыстық деңгейге көтерілді. Музейдің құрылған уақытынан бастап жұмысының алғашқы жанданған кезі 1947-1948 жылдарға сәйкес келеді. Музей жәдігерлерін тіркеу және каталогтау жұмыстары жүйеленді.
Халық үшін музей көрсеткішінің жұмысы, әрине, экспозициялар мен қорлары. Бұл жұмыстар музей қызметінде еш тоқтаған емес. Ұлы Отан соғысы жылдары болсын, соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде болсын, көптеген археологиялық экспедициялар негізінде, музей қызметкерлерінің ерен еңбегі негізінде музей қоры әрдайым толығып отыр. Сондай-ақ, Жамбыл жұртшылығы да музей қорын толықтыруға үлкен септігін тигізді.
Музей экспозицияларының жасақталуы мен қорының толығуына П.Косивцев, Л.И.Ремпель, К. Байбосынов, Ж. Қазиева, А. Попов, Г.И.Пацевич және тағы басқа зерттеуші- ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланады.
Алғашқы экспозициясы «Әлемнің жаратылуы мен жердегі өмір», «Ортағасырлық Тараз қаласының орнынан табылған археологиялық қазба байлықтары», «Жамбыл облысының жануарлар дүниесі» және «Ұлы Октябрь социалистік революциясына – 30 жыл», «Жамбыл – Қазақстанның халық жыршысы», «Қоныстанушылар», «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Халықтар достығы» тақырыптарында жасалды.
2019 жылы облысымыздың 80 жылдығына орай тарихи-өлкетану музейі «Көне Тараз» этномәдени-тарихи кешенінде орналасқан жалпы аумағы 4000-нан аса шаршы метрді құрайтын, екі қабаттан тұратын жаңа ғимаратқа көшірілді. Ал бүгінде музейдің жаңа ғимаратында 4 үлкен экспозиция залдары жасақталып, 5000-ға жуық жәдігерлер халық назарына ұсынылған.
Бүгінгі таңда музей қоры: археологиялық, нумизматикалық, заттық, кітап, құжаттық, этнографиялық, графика, мүсіндер, фотосуретте р атты 9 топтамаға топтастырылған. Барлық бөлімдермен қоса есептегенде 75 мыңнан аса жәдігер сақтаулы.
Сонымен қатар, музейдің 6 қалалық және 4 аудандық бөлімдері де жұмыс істейді.
Ерте ислам дәуірінің мешіті және оған қосалқы салынған Керуен-сарайы қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би көшесінің бойында Қарахан кесенесіне жақын жерде орналасқан. Ескерткіш 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көне мешіттің ІХ-Х ғасырларда іргетасының қалдықтарымен олардың арасында пилондар табылды. Шығыс қабырғасы жағында суфа орналасқан, ал құрылыстың батыс бөлігінде мінәжат ететін михрабтың орны анықталған.
Көркемсурет галереясы 1971 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2019 жылы облыстың 80 жылдығына орай Көркемсурет галереясы «Көне Тараз» этномәдени-тарихи кешенінде орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілген. Онда атақты суретшілердің және Ұлы Отан соғысы жылдары жер ауып келген суретші Л.Брюммердің 1000-нан аса суреттері сақтаулы. Көпшіліктің жиі келетін орнына арналған галерея балалармен, жас жеткіншектермен аса тығыз жұмыс істейді.
Д.А.Қонаев орталығы 2022 жылы 13 тамызда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы мен елімізге сіңірген еңбектерін кеңінен насихаттау мақсатында 110 жылдығына орай ашылып, халыққа қызмет етіп келеді.
Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығы – ерекше мәдени орындардың бірі. 2008 жылы Тараз қаласындағы Мәдениет үйінің ғимаратында театр- кино өнерінің биік шыңы, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, актер Асанәлі Әшімовке арнап көрме залы ретінде ашылса, 2011 жылы ресми түрде орталық ретінде қызметін бастады. Орталықта актердің көптеген құнды жеке заттары қойылған.
«Даңқ» залы Ұлы Отан соғысының тарихына, даңқты батырлардың ерлігін ұлықтауға арналған. Ол 2019 жылы салтанатты түрде ашылған. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1418 күнге созылған алапат соғысқа арналған зал 5 бөліктен жасалған, соғыстың әр жылдарына арналған.
Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығы «Даңқ» залының екінші қабатында орналасқан. Б.Момышұлының өміріне, шығармашылығына арналған шетелдік және қазақстандық архив деректерін зерттеуге бағытталған орталық.
К.И.Скрябин музей-үйі. Гельминтология ғылымының негізін қалаушы К.И.Скрябин 1907-1911 жылдары аралығында Әулиеата қаласында тұрып, мал емдейтін дәрігер болып жұмыс істеді. Бұл музей үйі ұлы ғалымның көзі тірісінде 1962 жылы ашылған. Музейде ғалымның өмірі мен қызметімен байланысты болған жеке заттар, құжаттар мен материалдары, кеңестік және әлемдік ғалымның алтын қорына кірген академиктің еңбектері насихатталады.
Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі Жуалы ауданы Ақсай ауылдық округінің, Қайрат ауылында орналасқан. Музейдің құрылысы 1990 жылы басталып, 1995 жылы 5 мамырда салтанатты түрде ашылды. Айта кететін жайт, Б.Момышұлы 1965 жылы өзінің барлық мұрасын, жеке заттарын дәл облыстық тарихи- өлкетану музейінің қорына қалдыратындығын, басқа ешбір музей талас тудырмауын өсиет еткен. Бүгінде өмірі мен қызметіне, шығармашылығына қатысты жәдігерлер жергілікті, басқа өңірлер мен шетелден келетін қонақтарға насихатталуда.
Сарысу аудандық Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі 1978 жылы Сарысу ауданының құрылуының 50 жыл толуына орай, Саудакент ауылында Т.Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі ашылды. Бұл музейде ауданның қилы тағдырларынан сыр шертетін тарихи жәдігерлер өте көп. Музейге аудан мәдениеті мен экономикасының көтерілуіне, дамуына үлкен үлес қосқан Т.Мақашевтың есімі берілген.
Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі 1983 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, өлкетанушы Әміре Сұлтанбековтың бастамасымен ұйымдастырылған тарихи жәдігерлер көрмесі бүгінде Т.Рысқұлов ауданының тарихын насихаттайтын музей ретінде қызмет атқарады.
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі Шу ауданының орталығындағы Төле би ауылындағы тарихи-өлкетану музейі облыстық музейдің Шу аудандық бөлімі болып 1986 жылы алғаш қоғамдық негізде құрылса, 1988 жылы ресми түрде жұмыс істей бастады.
Музей арқылы тек қана жәдігерлерді жинау, сақтау, халыққа насихаттаудан тұрмайды, музей сонымен қатар, жалпы қоғамның ағартушылық, мәдени дамуына да тікелей ықпал етеді.
Жанна ҚОСАЛИЕВА,
облыстық тарихи- өлкетану музейі директорының орынбасары.